Accessibility links

Ахмедьяров: Маған қастандық тапсырыспен жасалды


Журналист Лұқпан Ахмедьяров.

Журналист Лұқпан Ахмедьяров.

"Уральская неделья" газетінің журналисі Лұқпан Ахмедьяров өзіне жасалған қарулы қастандықты мақалалары ұнамаған адамдар ұйымдастырды деп санайтынын мәлімдеді.

Сейсенбіде Оралда ауруханада жатқан Ахмедьяров журналистерге берген сұхбатында қастандық жасаушылардың өзінің қай уақытта үйінен шығатынын жақсы білгенін және оның тапсырыспен жасалғанын айтады. "Кешке үйден көлігімді тұраққа қояйын деп шыққанымда екі адамның сұлбасын байқадым. Олар мені "мынау соның өзі" деп нұсқап, артынша атып жіберді. Сосын аямай ұра бастады. Қараңғыда тек тапанша ұстаған қолды ғана байқай алдым" дейді ол.

"Тергеушілерге кейбіреулерге "Брат, сват, блат" деген мақаламның ұнамағанын айттым. Ол бірқатар шенеуніктерге ұнаған жоқ. Ал ішкі саясат департаментінің бастығы Тілекқабыл Имашев тіпті сотқа 5 миллион теңге моральдық шығын төлеуді талап етіп шағым да берді" дейді Ахмедьяров.

Лұқпан Ахмедьяровқа 19 сәуір күні үйінің алдында белгісіз біреулер қарулы қастандық жасап, ол ауыр халде ауруханаға түскен. Операция жасаған дәрігерлер оған сегіз жерден пышақ ұрылғанын, тапаншадан атып жаралағанын айтады.
XS
SM
MD
LG