Accessibility links

Сот Ахмедьяровқа қарсы шағымды қарауды бастады


"Уральская неделья" газетінің журналисі Лұқпан Ахмедьяров.

"Уральская неделья" газетінің журналисі Лұқпан Ахмедьяров.

Бүгін, 27 сәуірде Орал қаласының №2 сотында Батыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының бастығы Тілекқабыл Имашевтың "Уральская неделья" газетінің тілшісі Лұқпан Ахмедьяровқа жазған талап арызын қарау басталды. Бұл туралы Азаттық тілшісіне газет құрылтайшыларының бірі Павел Кочетков хабарлады.

Оның айтуынша, қарулы қастандық жасалып, қазір ауруханада жатқан Ахмедьяровты бүгін сотқа шақыртқан. Кочетков Ахмедьяровтың денсаулығының нашарлығына байланысты сотта журналиске қатысты істі тоқтатуды сұрап, қазір сотта үзіліс жарияланған. Түстен кейінгі отырыста сотта судья журналистің мақаласына жасалған филологиялық сараптаманың қорытындысын жариялауы тиіс. Сараптама мақалада Имашевтің ар-намысына тиетін сөздердің бар-жоғын анықтамақ.

Имашевтің шағымына Ахмедьяровтың 2 ақпанда "Уральска неделья" газетінде "Брат, сват, блат" атты мақаласы себеп болған. Ол шағымында журналистен моральдық өтемақы ретінде бес миллион теңге төлеуді талап етеді.

Ахмедьяровтың өзіне 20 сәуірде Оралда үйінің жанында белгісіз біреулер қарулы қастандық жасап, ауыр халде ауруханаға түскен. Ол қастандық тапсырыспен жасалды деп санайды.
XS
SM
MD
LG