Accessibility links

Сарбөпеев сотта: Мұнайшылардың талабы дұрыс


Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеев.
Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеев.
Ақтауда Жаңаөзен оқиғасы бойынша өтіп жатқан сотта жұма күні Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеев сұралды деп хабарлайды "Жаңаөзен-2011" комитетінің өкілі Ерлан Қалиев.

Азатты тілшісіне берген сұхбатта Қалиев "Сарбөпеев көп нәрсеге көзі ашылғанын, өткен жылы еңбек дауымен ереуілдеген мұнайшылар талабының заңды, дұрыс екенін айтты. Тәртіпсіздікті кім ұйымдастырғанын білмейтінін, бірақ болған оқиғаға өзінің де кінәсі бар екенін айтты" деді. Қалиевтің сөзіне қарағанда, Сарбөпеев сотта өзінен "Халыққа оқ атуға кім бұйрық берді?" деп сұрағанда "Жауабым жоқ" деген.

Бұрынғы әкім бұған қоса "Мұнайшылар ереуілі кезінде не үшін алаңға түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылып, ереуілдеуге кедергі келтірілді?" деп сұрағанда - "Оны білмеймін, ол "Қазмұнайгаздың" әрекеті" деп жауап берген.

25 сәуірде өткен сотта айыпталушылардың қорғаушылары куәгер ретінде Сарбөпеевті шақыруға туралы өтініш беріп, сот оған рұқсат берген еді.

Орақ Сарбөпеев ақпанның басында тұтқындалған болатын. Сарбөпеев пен қаланың одан бұрынғы әкімі Жалғас Бабахановқа «қала тұрғындарының мүдделеріне қарамастан, бірнеше жылдар бойы жергілікті халық пен мұнай-газ саласындағы жұмысшыларды әлеуметтік-экономикалық қолдауға бөлінген қаражатты ұрлаған» деген айып тағылған.

Орақ Сарбөпеев бұл айыпты жоққа шығарған болатын.
XS
SM
MD
LG