Accessibility links

Қытай диссиденті АҚШ билігінің қолында


Қытай диссиденті Чэнь Гуаншен.

Қытай диссиденті Чэнь Гуаншен.

АҚШ-та орналасқан ChineseAid құқық қорғау ұйымы Қытайда үйқамақтан қашып шыққан зағип диссидент Чэнь Гуаншеннің АҚШ билігінің қорғауында деп хабарлады.

АҚШ елшілігіндегі дереккөздерге сілтеген ұйым қазір Гуаншеннің мәселесіне қатысты екі ел билігінің арасында "жоғары деңгейдегі келіссөздер жүріп жатқанын" айтады. Бірақ Пекиндегі АҚШ елшілігі Гуаншеннің қайда екенін айтудан бас тартты.

Соңғы бір жарым жылдан астам уақыттан бері үйқамақта отырып келген Чэнь Гуаншен өткен жексенбіде қашып шығып, Қытай премьер-министрінің атына видеоүндеу жолдаған. Оның алдында ғана диссидент төрт жыл түрмеде отырып шыққан. Чэн Гуанчен бірнеше рет Қытайдың "бір отбасыға - бір бала" саясатының шеңберінде әйелдерге күштеп стерилизация, аборт жасалып, құқықтарының бұзылып жатқанын айтқан.

Алдағы апталарда Қытайға АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон келмек. Клинтон Қытай билігін Чэн Гуанченді босатуға бірнеше рет шақырған.
XS
SM
MD
LG