Accessibility links

Айткеннің Назарбаев туралы "сувенир кітабы"


Джонатан Айткен, ұлыбританиялық бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік, публицист. Лондон, 20 наурыз 2006 жыл
Джонатан Айткен, ұлыбританиялық бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік, публицист. Лондон, 20 наурыз 2006 жыл

Ұлыбританияның Times газетінде Джонатан Айткеннің Нұрсұлтан Назарбаев туралы екінші шығармасына қатысты рецензия жарияланды. Автор бұл кітапты Батыста кім сатып алуы мүмкін деген сұрақ қояды.

"Қазақстан: тәуелсіз 20 жылдан кейінгі таңғажайыптар мен стереотиптер" - банкротқа ұшыраған және қысқа уақыт қамауда отырған бұрынғы ұлыбританиялық жоғары лауазымды шенеунік, қазір публицистке айналған Джонатан Айткеннің Қазақстан президенті туралы жазған екінші кітабы. Times ("Таймз") басылымының әдеби қосымшасының назарына ілінген бұл кітап туралы рецензияны Лондон университеті Шығыстану және африкатану мектебінің профессоры Бавна Даве жазған. Кітап 216 парақтан тұрады, бағасы - 20 фунт стерлинг.
Назарбаев бойынан "алапат қуат сезілетін", саяси ландшафта жалғыз өзі сорайып тұрған алып емен сияқты суреттелген.
"Джонатан Айткеннің Қазақстан туралы екінші кітабы совет кезеңінен қалған азапты стереотиптер мен өзін Борат ретінде мазақ еткен Саша Барон Коэннің кекесінді кемсітуіне төтеп берген Золушка бейнелі ел туралы. Мұның бәрі коммунистен ұлт жетекшісіне айналған Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы дегенге саяды. Назарбаев бойынан "алапат қуат сезілетін", саяси ландшафта жалғыз өзі сорайып тұрған алып емен сияқты суреттелген. Ол "шағын емен жаңғақтары мен шыбықтардың да өсуіне кедергі келтірмегенімен", соңғылары жаңағы алыптың көлеңкесінде табиғи түрде көрінбей қалған" деп бастайды автор рецензиясын.

Ары қарай маман Айткеннің не қазақша, не орысша білмейтіндігіне және зерттеуші ретінде тәжірибесіздігіне қарамастан Назарбаев пен оның төңірегіндегі жоғары лауазымды жұртпен емін-еркін араласқанына "тәнті" болған. Әсіресе кітап авторының президентпен жалпы ұзақтығы 35 сағаттық сұхбат алғанына назар аударған.

Рецензент: "Ол (Айткен - ред.) Назарбаевтың совет дәуірінен қалған ядролық қару-жарақтан құлшына арылғанын (шындығында оның басқа амалы да жоқ еді ғой - Бавна Даве) сипаттайды және оны халықаралық деңгейде мойындауға үндейді. Оның мадақтап отырған адамы конституция бойынша "Елбасы" деп жарияланып, соңғы сайлауда 95.5 пайыз дауыс алған" деп жазады.
Бавна Даве, Лондон университеті Шығыстану және африкатану мектебінің профессоры. Астана, шілде, 2010 жыл
Бавна Даве, Лондон университеті Шығыстану және африкатану мектебінің профессоры. Астана, шілде, 2010 жыл

Ары қарай сарапшы Айткеннің кітабына кірмей қалған Жаңаөзендегі қанды оқиға туралы да ескертіп өтеді. Рецензияда "Мұнай байлығы қоғамның жоғарғы деңгейіндегі кейбір топтарды бақуатты ете түсті, бірақ шынайы саяси өмірге араласудан тыйды. Төменге тамшылап қана аққан байлықтың аз бөлігі кейбір адамдардың "ұлттық мақтанышын" оятқанмен көпшілікті тынышсыз күйде қалдырды" деген жолдар бар.

Рецензент Қазақстан президентінің көзі тірісінде мадақтаудың астында қалғанын, Батыс үкіметтерінің, сарапшыларының, адам құқығы мен сөз бостандығын қорғаушылардың сынына қарсы уәж айтудан танбай келе жатқанын жазады.
Елге келе қалған дипломаттар мен бизнесмендер Қазақстан үкіметінің арқасында бұл кітаптың бір данасын тегін сувенир ретінде көтеріп қайтатаын шығар.
Сыншының жазуынша, Айткен Қазақстан түрмелеріндегі азаптау мәселесіне "Потемкиннің көзілдірігін" киіп қарайды. Кітап авторы қазақ түрмелерінде отырғандар туыстарымен емін-еркін кездесе алады, тіпті Ұлыбритания бұдан сабақ алса болады деген тұрғыда ой айтады. Ол унитаздардың тазалығын да ерекше атап өтеді. Тек туберкулез ауруының бар екенін ғана мойындайды.

Бавна Даве рецензиясының соңында бұл кітапты кім оқып, сенуі мүмкін деген сауал қояды. Сарапшы ойын: "Билеушілерінің пиар тәсілдерінен жиіркенетін жас қазақстандықтар емес, әрине. Елге келе қалған дипломаттар мен бизнесмендер Қазақстан үкіметінің арқасында бұл кітаптың бір данасын тегін сувенир ретінде көтеріп қайтатын шығар" деп түйіндейді.

Рецензия Times-тың әдеби қосымшасында сәуірдің 20-сы жарық көрді.
XS
SM
MD
LG