Accessibility links

Аун Сан Су Чжи режимге қолайлы ант қабылдамақ


Аун Сан Су Чжи жақтастарымен бірге тұр. Янгон, 22 сәуір 2012 жыл

Аун Сан Су Чжи жақтастарымен бірге тұр. Янгон, 22 сәуір 2012 жыл

Мьянмалық әйгілі саяси қайраткер, оппозиция жетекшісі Аун Сан Су Чжи парламент сайлауында жеңіп алған орнына отыру үшін ресми ант қабылдауға келісті. Ол өзі басқаратын Ұлттық лиганың бірнеше мүшелерімен бірге өткен аптада дәл осы ант мәтінін оқудан бас тартқан еді.

Су Чжи ант мәтінінде 2008 жылы әскери режим қабылдатқызған конституцияны қорғау туралы сөйлемге қарсы болатын. Бұл конституция бойынша әскери басшылық парламенттегі депутаттардың 25 пайызын өзі тағайындайды.

Бейбітшілік ісі бойынша Нобель сыйлығының иегері Су Чжи "конституцияны қорғау" деген тіркесті "конституцияны сыйлау" деп өзгертуді сұраған еді. Бірақ 30 сәуір күні ол жақтастары мен сайлаушыларының кеңесіне құлақ асып, парламенттегі қызметіне кірісетінін мәлімдеді.

30 сәуір күні Мьянмаға ресми түрде сапар шеккен БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун елдің реформашыл әскери басшылығымен кездесті. Бұл - былтырғы наурызда елдің әскери билігі бірқатар реформалар жасауға келіскелі бері бас хатшының Мьянмаға жасаған бірінші сапары. Пан Ги Мун келіссөздер кезінде елде соңғы 31 жыл бойы жасалмаған халық санағын өткізуге БҰҰ жәрдем беретінін айтты.
XS
SM
MD
LG