Accessibility links

Иран үкіметі елді сыртқы интернеттен ажыратып тастамақшы


"Полиция мен интернет". Ирандық суретші Али Реза Дарвиштің салғаны
"Полиция мен интернет". Ирандық суретші Али Реза Дарвиштің салғаны

Ұлыбританиялық Sunday Telegraph газетінің жазуынша, Иран үкіметі «Халал» немесе «таза» ұлттық интернет жобасын жасау үшін елді сыртқы интернет жүйесінен ажыратып тастауға кірісті.

«МЕКЕН-ЖАЙ ТҮГЕЛ КӨРСЕТІЛСІН»

Сәуірдің 29-ы күні шыққан мақалада ирандықтардың Facebook пен Gmaіl сияқты әлеуметтік желілерге және шетелдік ақпарат агенттіктеріне кіре алмай жатуға үйреніп те қалғаны туралы жазылады. Батыстан сатып алынған компьютерлік жаңа бағдарламаларға қатысты да тексеру көп.

Бірақ Ирандағы қатаң шектеулер мұнымен тоқтамайтын сияқты. Болашақта ирандықтар жалпы сыртқы интернет жүйесінен ажырап қалуы мүмкін. Олардың орнына Иран үкіметі халыққа пошталық қызмет көрсететін Facebook-тің ирандық үлгісін ұсынбақшы. Бұл поштаны қолданушылар мекен-жайларын, әлеуметтік қауіпсіздік нөмірлерін түгел тіркеуге міндетті деп жазады басылым.

«КҮНӘ»

Sunday Telegraph-тың хабарлауынша, бұл жоспарды Иранның рухани жетекшісі Аятолла Әли Хаменеидің өзі қолдаған. Иран жетекшісінің пікірінше, интернет «күнәлі іс», әрі Батыс елдері «мылтықсыз майдан» арқылы Иран мәдениетін күйретуді көздейді.
Ирандық әйел интернет-кафеде отыр. Тегеран, 24 қаңтар 2011 жыл
Ирандық әйел интернет-кафеде отыр. Тегеран, 24 қаңтар 2011 жыл

Алайда мақала авторы бұл тосқауылды басқаша пайымдаған. Автордың ойынша бұл әрекеттер 2009 жылы арты дауға айналған сайлаудан соң сәтсіздікке ұшыраған «Жасыл революция» мүшелерін бақылап отыру үшін жасалып жатыр. Оппозициялық қозғалыс белсенділері интернет арқылы ұйымдасып, жұмыс жасайды. 2009 жылдан бері Иранның қауіпсіздік күштері шерушілерді демонстрация басталмай жатып-ақ жаншып тастап жүр.

Басылымның болжауынша, Иран үкіметі ұсынып отырған «Ұлттық интернет» алдағы жазда іске қосылуы керек. Әлемдік ғаламторға Ирандағы әбден тексеруден өткен сенімді фирмалар мен мемлекеттік ұйымдар ғана жалғана алады. Осылайша Иран үкіметі бүкіл елді қамтитын алып интранет пен күмәнді деген веб-сайттарды жауып тастайтын кибер-полиция жүйесін құрмақшы.

«ЕҢ МАҢЫЗДЫ ІС – ИНТЕРНЕТТІ БАҚЫЛАУ»

Былтыр «Араб көктемі» кезінде оппозиция белсенділері интернетті қолдану арқылы Ирандағы режимді қатты састырған. 2009 жылғы толқу кезінде Неда Ага Солтан есімді жас қызды снайпердің атып өлтіргені туралы телефон видеосы интернет арқылы әлемге тарап кеткен еді. Бұл бейне-жазба Иран режимінің қаншалықты қатігез екендігін әлемге жария етті деп санайды автор.

Интернет цензураға қарсы Article 19 ұйымының мүшесі Амир Баяни басылым тілшісіне: «Үкімет тағы бір Неда өлімінің видеоға түсіп қалғанын қаламайды. Сондықтан да интернетті қатаң қадағалау – олар үшін ең маңызды іс» деген.

Амир Баянидің айтуынша, бұқара халық ақпарат алу үшін интернетке сенеді. Қазір ешкім де ресми үкіметтің ақпарат көздеріне сенбейді. Бұрындары Facebook пен блогтардан алынатын ақпараттар ғана мемлекеттің сүзгісінен өтпей жететін. Енді оларға да қатер төнді. «Елдегі кәсіпкерлер болса бұл жаңа жүйе олардың табысына кедергі келтіреді деп уайымдап жүр. Мен болашақта бұл жоспарды қолдамай оған қарсы шығатын адамдар көп болады деп үміттенемін» деген ол.
XS
SM
MD
LG