Accessibility links

ЕО жетекшілері: Украинаға футбол көруге бармаймыз


Германия канцлері Ангела Меркель. Брюссель, 1 наурыз 2012 жыл

Германия канцлері Ангела Меркель. Брюссель, 1 наурыз 2012 жыл

Ангела Меркельдің көмекшісінің мәлімдеуінше, егер Юлия Тимошенконың ахуалы жақсармайтын болса, Германия канцлері осы елдің футболдан ұлттық құрамасының биылғы жазда Украинада өтетін Еуропа чемпионатындағы ойындарын көруге бармайды.

Канцлердің өкілі Ангела Меркельдің болашақта Украинаға бару-бармауы Тимошенконың тағдырына байланысты өзгеруі мүмкін екенін жеткізді.

Еуропа Одағының сыртқы саясат жетекшісі Кэтрин Эштон мен Еуропалық комиссия төрағасы Жозе Баррозу да осы мәселеге байланысты чемпионаттың Украинада өтетін матчтарына бармайтындарын мәлім етті.

ЕО-ның әділет, ұлғаю істері мен білім беру бойынша жетекшілері Вивиан Рединг, Штефан Фюле мен Андрулла Василиу де Варшава мен Киев бірлесіп өткізіп жатқан футболдан Еуропа чемпионатының Украина бөлігіндегі ойындарына осы елдегі адам құқықтарының бұзылуына байланысты барудан бас тартты.

Түрмеде жазасын өтеп жатқан бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенко соққыға жығылғаны туралы хабарлаған соң Еуропа Одағының жетекшілері Украинадағы ірі спорт жарысына бойкот жариялай бастады. 51 жастағы Тимошенко қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деген бап бойынша былтыр күзде жеті жылға сотталған еді.

Украинаның сыртқы істер министрлігі 30 сәуір күні ЕО жетекшілерінің мәлімдемесін "Қырғи қабақ соғыс" тәсілдеріне теңеп мәлімдеме жасаған.
XS
SM
MD
LG