Accessibility links

Талибан жетекшілерінің бірі қаза тапты деген хабар тарады


Талибан жетекшілерінің бірі Устад Ясер Азаттық тілшісімен бірге. 5 сәуір 2012 жыл

Талибан жетекшілерінің бірі Устад Ясер Азаттық тілшісімен бірге. 5 сәуір 2012 жыл

Ауғанстанның арнайы қызметі жетекшісі 1 мамыр күні мәлімдеме жасап, ауғанстандық Талибан жетекшілерінің бірі мен қасына ерген 25 серігінің Пәкістаннан Кабулға бейбітшілік келіссөздеріне бара жатқан кездерінде ұсталып, түгел опат болғанын хабарлады.

Азаттық радиосының Ауған қызметінің хабарлауынша, ұлттық қауіпсіздік директоратының басшысы Рахматулла Набил Ауғанстан сенатына Талибан ұйымының әскери кеңес басшысының орынбасары Мулла Исмаилдың қаза тапқанын хабарлаған.

Набилдың ойынша, оларға Талибан ұйымындағы өз әріптестері қастандық жасаған. Өлгендердің арасында Талибанның белгілі командирі Устад Ясер де бар.

Мулла Исмаилдың қазасы туралы хабар осыдан бірнеше күн бұрын-ақ айтыла бастаған еді. Бұл операцияны я Талибан, я Пәкістанның арнайы қызметі ұйымдастыруы мүмкін деп санайтындар бар.

Бірақ Талибан ұйымының өкілі Забихулла Муджахид 1 мамыр күні Исмаил өлді деген ақпаратты жоққа шығарып, оны үгіт-насихат тәсілі деп атады.

Мулла Исмаил Талибан жетекшілеріне қатысты тараған жемқорлық туралы дауға ілінген адамдардың бірі еді. Исмаил мен оның бірнеше серігін Талибанның өз қауіпсіздік күштері ауған үкіметінен пара алды деп айыптап, сәуір айында қамауға алған болатын. Оны Ауғанстан мен НАТО уәкілдерін ауған-пәкістан шекарасында қорғауға алу үшін Кабулмен ымыраласты деп айыптаған.

АҚШ конгресі 2010 жылы тексеру жүргізген кезде Пентагонға берілген 2 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі қаржының қомақты бөлігі Ауғанстандағы америкалық сарбаздарды қорғау үшін Талибан командирлеріне төленгені анықталған еді.

Басқа бір дерек көздері бойынша Мулла Исмаилға ақша ауған шенеуніктерімен бейбіт келіссөздерге қатысуы үшін төленуі мүмкін.

Ауғанстандық Талибан биылғы наурыз айында АҚШ пен Қатардағы ауған делдалдары ұсынған бейбітшілік орнату бойынша келіссөздерді мағынасыз әрекет деп атап, оларға қатысудан бас тартқан еді.

Кейбір бақылаушылар Исмаилдың өлімінен соң Талибан жетекшілерінің келіссөз жүргізуге деген ынталары тіпті азая түсуі мүмкін деп санайды.

Ауғанстанның қауіпсіздік қызметінің жетекшісі Набил ауғанстандық Талибан жетекшілерін Қатар мен Дубайға бармауға, тікелей Кабулмен келіссөз жүргізуге шақырды.
XS
SM
MD
LG