Accessibility links

Sinopec Engineering жұмысшылары басшылықпен кездесті


Қытайлық Sinopec Engineering компаниясының мердігері "Евразия строй капитал 2007" жұмысшылары наразылық білдіріп тұр. Атырау, Балықшы ықшам ауданы, 3 мамыр 2012 жыл.

Қытайлық Sinopec Engineering компаниясының мердігері "Евразия строй капитал 2007" жұмысшылары наразылық білдіріп тұр. Атырау, Балықшы ықшам ауданы, 3 мамыр 2012 жыл.

Жұма күні Атырауда мұнай өңдеу зауытына қарасты хош иісті көмірсутек зауытын салып жатқан қытайлық Sinopec Engineering компаниясының мердігері "Евразия строй капитал 2007" компаниясының ереуілдеп жатқан жұмысшылары осы екі компанияның басшыларымен кездесті деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Жұмысшылармен кездесуге "Евразия строй капитал 2007" компаниясы директоры Чин Е мен оның орынбасары Алтай Томақаев, бухгалтері Әлия Жалғасова және Sinopes Engineering компаниясы директорының кеңесшісі Жалғас Дүкенбаев келген.

Кездесуде жұмысшылар зейнетақы қорларына тиісті төлемдердің аударылмай жатқанын айтып, жалақыны көбейтуді, жұмыс жағдайын жақсартуды, мереке және түнгі ауысымда істеген жұмыстары үшін қосымша ақы төлеуді талап еткен.

Кездесуге қатысқан Азаттық тілшісінің айтуынша, компания басшылары жұмысшылардың талаптарына құлақ асатын болып, оларды жұмысқа шығуға шақырған.

"Бірақ жұмысшылар талаптарының орындалатынын жазбаша түрде растауды талап етіп, көнбей қойды. Бухгалтер Жалғасова жұмысшылардың зейнетақы қорына неліктен бір жылдан бері ақша аударылмай жатқанына нақты жауап бере алмады" дейді тілші.

Іле-шала Sinopec Engineering-тің Қазақстандағы өкілдігі мәлімдеме таратып, қазақстандық жұмысшылардың жалақысы сыйақы және қосымша уақыт істеген жұмыстарымен есептегенде 90 мың мен 140 мың теңге аралығында екенін, ал қытайлық жұмысшылардың жалақысы 160 мың теңге екенін айтқан.

"Жұмысшылардың басқа да талаптары орынсыз" екенін айтқан Sinopec-тің Қазақстандағы филиалы "Евразия строй капитал 2007" компаниясына 5 мамырға дейін жұмысшылар мәселесін шешуді міндеттегенін мәлімдеді.

Азаттық радиосы "Евразия строй капитал 2007" компаниясының жұмысшылары 2 мамырда жалақы мәселесі, еңбек дауын шешуді талап етіп, жұмысты тоқтатқанын хабарлаған еді.
XS
SM
MD
LG