Accessibility links

Ереуілдеуші кеншілер саны көбейе түсті


Мыс кенішіндегі жұмысшы. Көрнекі сурет

Мыс кенішіндегі жұмысшы. Көрнекі сурет

Азаттық тілшісіне мамырдың 6-сы күні мәлімет берген Жезқазғандағы аймақтық басылымның тілшісі Берік Жағыпаров:

- 65, 67-ші кеніштердің, сонымен бірге «Шығыс және Батыс –Жезқазған» кеніштерінің жұмысшылары да «Анненскийге» жиналып жатыр. Бірақ басшылық олардың ешқайсысын шахтаға түсіріп жатқан жоқ. Өйткені басқа да наразы жұмысшылар кеніштің астындағы жолмен қазіргі 98 адамға қосылып, ереуілдеушілер 4-5 мың болып кетеді ме деп қорқып отыр, - деді.

Бұл ақпаратты корпорация жартылай ғана растады.

«Интерфакс-Казахстан» агенттігіне «Қазақмыс» корпорациясының Жезқазған аймағы бойынша PR-менеджері Елена Шальнова «Анненский кенішінің жұмысшыларына тағы екі: Шығыс-Жезқазған және Оңтүстік кеніштерінің жұмыскерлері қосылды» деген.

Шальнова: «Қазір жер астында ереуілдеп отырғандарға тағы 152 адам қосылған. Қазір жер астында 250 адам бар. Ал жер үстіндегі наразылық танытып жатқандар саны 350-ге жеткен» деп мәлімдеген.

Дегенмен Берік Жағыпаров қазір "Анненскийде" мыңнан аса кенші жиналып тұрғандығын айтады. Алайда «Қазақмыстың» жексенбі, мамырдың 6-сы күні таратқан баспасөз мәлімдемесінде «кеніш маңындағы жағдай қалыпты» деп жазылған.

Мамырдың 4-і Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Эдуард Огай «наурыз айынан бері 32 мыңнан астам жұмысшы аттестациядан өткенін, жұмысшылардың жалақыларын кемінде 20-30 пайызға өсіретінін» айтқан еді.

«Қазақмыс» кеншілерінің бұл жолғы ереуілі Анненский кенішінде мамырдың 5-і күні басталған болатын. Кеншілер жалақыларын өсіруді талап етіп, шахтадан шықпай қойған.
XS
SM
MD
LG