Accessibility links

Испанияда мыңдаған адам шеруге шықты


Мадридтегі қарсылық. 29 сәуір 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Мадридтегі қарсылық. 29 сәуір 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Ria.ru сайтының хабарлауынша, 12 мамырда және 13 мамырға қараған түні Испания астанасы Мадридте биліктің экономикалық саясатына қарсылық білдіріп, он мыңдаған адам митингіге шыққан. Ал BBC ақпарат құралының мәліметі бойынша, наразылық акциясына шыққандар саны Мадридте - 50 мыңға, Барселонада 45 мың адамға жуықтаған.

BBC осы күні мұндай наразылық шаралары Португалияда, Германияда, Ұлыбритания және Израильде өтті деп хабдарлайды. BBC бұл қарсылық шаралары АҚШ-та басталған "Occupy Wall Street" қозғалысының жалғасы деп болжайды.

Мадридтің Пуэрта дель Соль алаңына жиналғандар шатыр тігіп, түнеп шықпақшы болған. Испания үкіметі жұртқа түнгі сағат 22:00-ге дейін тарау қажеттігін ескерткен. Бірақ көптеген наразылар түнеуге қалды деп хабарлайды BBC.

Испаниядағы жұмыссыздық осы бір жылдың ішінде Еуропадағы ең жоғарғы көрсеткішке жеткен - 24 пайыз. Үкімет қазір Еуропадағы қаржы дағдарысына байланысты әлеуметтік шығындарды қысқарту саясатын іске асырып отыр.

Ұлыбританияның астанасы Лондонда 600 адам Англия Банкінің қасына жиылған. Полициямен арада қақтығыс болып, 11 адам тұтқындалған.

АҚШ-тағы Нью-Йорк қаласында да 5 мыңға тарта Occupy Wall Street қозғалысының жақтастары шеруге шығып, полиция мен арада қақтығыс болған.

Германияның Майндағы Франкфурт қаласында наразылар "алтын бұзау" тұлыбын алып шығып, қарсылық белгісі ретінде жансыз тұлыпты "сойған".

Ал Мәскеудегі қарсылық қозғалысы Occupy Abai ("ОккюпайАбай") деген атқа ие болды деп хабарлайды BBC. Ресей президенті Владимира Путиннің үшінші мерзімге сайлануына қарсылық білдіргендер Мәскеудегі Абай ескерткіші маңында жиылып, полиция ескертулеріне қарамастан, тарамай отыр.
XS
SM
MD
LG