Accessibility links

Дамаскідегі жарылысты белгісіз топ мойнына алды


Жарылыстан зардап шеккен адамды көліктен шығарып алу үшін жиналған адамдар. Сирия, Дамаск, 10 мамыр 2012 жыл.

Жарылыстан зардап шеккен адамды көліктен шығарып алу үшін жиналған адамдар. Сирия, Дамаск, 10 мамыр 2012 жыл.


BBC ақпарат құралының хабарлауынша 55 адам қаза тапқан Дамаскідегі жарылысты бұған дейін белгісіз болып келген "Әл-Нусра" ұйымы мойнына алған.

10 мамырда Сирия астанасы Дамаскіде болған екі бірдей жойқын жарылыста 55 адам қаза тауып, 370-ке жуық адам жараланған болатын.

Жарылыстардан кейін Сирия билігі мен көтерілісшілер бірін-бірі айыптаған мәлімдемелер жасаған еді. "Жарылыстарды мойнына алған белгісіз ұйымның мәлімдемесі интернетте пайда болды. Ол мәлімдемеде жарылыстардың үкіметке қарсы жасалғаны айтылған" деп хабарлайды BBC.

BBC топ мүшелері "Бұл режимге айтарымыз - сунниттерді өлтіру тоқтатылсын" деген талап қойғанын атап өткен.

Сирияда сәуір айынан бастап бейбіт келісімдер жүріп жатқан болатын. Оның әуелгі шарты қарулы қақтығысты тоқтату болған. Бұл шарттың бұзылмауын бақылау үшін Сирияға БҰҰ-ның 70 бақылаушысы келген еді.

Сириядағы саяси дағдарыс бір жыл бұрын басталды. Бейбіт шерулер оппозиция мен билік арасындағы қарулы қақтығысқа ұласты. БҰҰ мәліметтері бойынша, бұл қақтығыстарда осыған дейін 10 мың адам қаза тапқан.
XS
SM
MD
LG