Accessibility links

Иван Ургант Абай өлеңін қазақ тілінде оқыды


Ресейлік «Вечерний Ургант» телебағдарламасында белгілі тележүргізуші Иван Ургант Абайдың "Жазғытұры" өлеңінің үзіндісін қазақ тілінде оқыды.

Қазақтың танымал ақыны Абай күтпеген жерден Ресейдегі Путинге қарсы қозғалыстың символына айналып жүре берді. Мәскеудің Чистые пруды ауданындағы ақын ескерткішінің қасына жиылған наразы жұрттың Абай өлеңдерін оқи бастағаны Twitter-де кейінгі күндері көп айтыла бастады. Енді, міне, Абай өлеңдері бүкілресейлік телеэфирден оқылды.

Абайдың аты Мәскеу тұрғындары мен Ресейдің азаматтық белсенділеріне оппозиция лидері Алексей Навальныйдың "Түсініксіз қазақ ескерткішінің қасына жиналайық" деген бастамасынан кейін танымал болды. Бастапқыда Навальныйдан бастап, былайғы жұрттың көбі Абайдың кім екенін білмейтін.

Ал қазір Twitter-дегі #ОккупайАбай хэштэгі бойынша мыңдаған адам пікір алмасып, Чистопрудный бульварына қарсылық шараларына жиналатын жағдайға жетті. Ол жердегі оппозиция лагері «ОккупайАбай» деп аталады. Мұнда жиылған қауым қазір оппозиция "ауылына" айналған - жарық беретін генераторлар орнатылып, дәретханалар қойылған, тәртіпті бақылайтын еріктілер қосыны да құрылған. Абай ескерткішінің қасында газет шығарылып, кинолар көрсету жоспарланған. Жақында мұнда «БерлусПутин» пьесасы қойылмақ.

Осы шаралардың барлығы қазір Абайдың "көз алдында" өтіп жатыр. Мұндағы ресейлік оппозиция өкілдері Абайды "Әділ сайлауды жақтаған, кез келген әділетсіздікке қарсы шыққан ақын" деп сипаттайды.

Қазір Мәскеу сотына Чистопрудный бульварының 15 тұрғынынан «ОккупайАбай» лагерінің адамдары мазамызды қашырды деген арыз түскен. Ақпараттар бойынша, әзірге қала басшылығы оппозиция лагерін тарату туралы шешім шығара қоймаған. Бірақ тұрғындар прокуратураға арызданса, қала әкімдігіне лагерьді тарату туралы нұсқау берілуі мүмкін.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG