Accessibility links

Сирия оппозициялық кеңесінің басшысы отставкаға кетті


Сирия оппозициялық Ұлттық кеңесінің төрағасы Бурхан Галиун. Нью-Йорк, 30 қаңтар 2012 жыл.

Сирия оппозициялық Ұлттық кеңесінің төрағасы Бурхан Галиун. Нью-Йорк, 30 қаңтар 2012 жыл.

Сирияның оппозициялық күштерін біріктіретін Ұлттық кеңесінің басшысы Бурхан Галиун Стамбулда өткен екі күндік жиыннан соң отставкаға кетті. Бурхан Галиун Ұлттық кеңесті өткен жылы қазанда құрылғаннан бері басқарып келді.

Кеңестің басшысы 9-10 маусым күнгі жиында сайланады. Бурхан Галиун 17 мамырда-ақ "оппозицияны алауыз етпеу үшін" отставкаға кетуге өтініш берген.

Бұдан бұрын елдің әр аймағында жұмыс істейтін белсенді жастарды біріктіретін "Жергілікті үйлестіру комитеті" тобы Сирияның Ұлттық кеңесін билікті заңсыз басып алды, жастарға көңіл бөлмейді және оның жұмысына "Мұсылман бауырлар" тобы ықпал етеді" деп айыптаған.

Ұлттық кеңестің бейсенбіде жарияланған мәлімдемесінде Дамаскінің БҰҰ ұсынған қақтығысты реттеу жоспарын орындауға ниетті емес екендігі де айтылады.

Қақтығысты реттеу жоспарының 12 сәуірде күшіне енгеніне және елде БҰҰ бақылаушыларының жүргеніне қарамастан, үкімет әскері мен көтерілісшілер арасындағы ұрыстар тоқтамай тұр.
XS
SM
MD
LG