Accessibility links

НАТО шабуылынан бір ауған отбасының 8 жаны өлді


Ауған ұлттық армиясының солдаты Кабул түбіндегі бекіністе күзетте тұр. 15 мамыр 2012 жыл. Көрнекі сурет

Ауған ұлттық армиясының солдаты Кабул түбіндегі бекіністе күзетте тұр. 15 мамыр 2012 жыл. Көрнекі сурет

Жергілікті билік өкілдері НАТО-ның әуе шабуылы кезінде шығыс Ауғанстандағы бір үйдің сегіз адамы қаза тапқанын хабарлады.

Пактия уәлаяты басшылығының өкілі Рохулла Самунның айтуынша, 26 мамыр күні болған шабуыл кезінде Сури Хайл ауылында тұратын ерлі-зайыпты мен олардың алты баласы өлген.

НАТО жетекшілік ететін коалиция күштері болған жағдайдан хабардар екенін, тексеріп жатқандарын мәлімдеді.

БҰҰ-ның хабарлауынша Ауғанстанда өлетін әрбір 10 бейбіт тұрғынның 8-і я Талибан, я "Әл-Қаида" жасақтары жасаған шабуылдардан көз жұмады.

Бірақ НАТО күштерінің қолынан қаза тапқан бейбіт тұрғындар мәселесі Ауғанстан президенті Хамид Карзайдың шетелдік әскермен арасын ушықтырып тұрған негізгі фактор болып саналады.

НАТО-ға қарайтын Халықаралық қауіпсіздік бойынша жәрдем күштері (ISAF) төрт мүшесінің оңтүстік Ауғанстанда дәл 26 мамыр күні жасалған бомба шабуылдары кезінде опат болғанын хабарлады.

Гильменд уәлаятында қаза тапқандардың біреуі ұлыбританиялық солдат болып шықты.

Ауғанстанның ішкі істер министрлігі дәл осы күні елдің шығыс бөлігінде бірлескен операциялар кезінде алты қарулы бүлікші оққа ұшты деген мәлімет таратты.

Министрліктің хабарлауынша, бұдан бөлек тағы үш бүлікші Гильменд пен Кандагар уәлаяттарында жол бойына бомба қоймақшы болып жатқан жерінде қаза тапқан.
XS
SM
MD
LG