Accessibility links

"Тони Блэрдің құлдырауы шегіне жетті"


Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрдің Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы бейнефильмде сөйлеп тұрған көрінісі.

Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрдің Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы бейнефильмде сөйлеп тұрған көрінісі.

Guardian газетіне жарияланған комментарий авторы «Қазақстанның диктатор билеушісін «сүйкімді» етіп көрсету арқылы» Тони Блэр өзі бір кездері жиі айтатын саяси идеалдарын тәрк етті деп санайды.

Ұлыбританиялық басылымға шыққан мақала авторы Ник Коэннің пікірінше, басқа да диктаторлар сияқты Қазақстан билігі де бағыныштыларына шетелдіктердің өз іс-әрекетін қолдайтынын көрсеткісі келеді. Автор шет ел өкілінің өзін қолдауы диктаторларға күш береді, әрі олардың үгіт-насихаты салмақты шығады деп санайды.

Коэн Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрінен көңілі қалған қолдаушыларының бірі айтқан мынадай сөзді келтіреді: «Егер ұлы адам өзінің абыройын қанша ақшаға сатып жіберуге дайын екенін білгілеріңіз келсе, айтайын – 13 миллион АҚШ доллары». Автор: «FT («Файнэншл Таймз») газетінің есептеуінше Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тони Блэрге шамамен осыншама сома төлеген» деп жазады.

БАСЫ – ТӘТТІ, АЯҒЫ – ҚАТТЫ КАРЬЕРА

«Негізі, Ұлыбританияда Блэрді жақтайтындар да, терістейтіндер де бар. Оның Ұлыбританияда билікте отырғанда жүргізген саясатына қанша сын тағылса да, «жауларына» қатысты жүргізген саясаты дұрыс деп ойлайтынбыз» деп жазады Коэн.
Егер ұлы адам өзінің абыройын қанша ақшаға сатып жіберуге дайын екенін білгілеріңіз келсе, айтайын – 13 миллион АҚШ доллары.

Мысалы, Ұлыбританияның 21 ғасырдағы екіжүзді саясатын жасырып-жапқысы келген тарихшылар Блэрдің оппоненттері оның банктерді реттегенін, Ұлыбританияның Сьерра-Леонедегі азаматтық соғысты тоқтатуға араласқанын, Слободан Милошевичтің Косовоны ойран етуіне жол бермегенін, Талибанның талқандалуына ықпал еткенін және Саддам Хусейнді биліктен кетіру әрекетіне көмектескенін алға тартуы мүмкін.

Журналистің ойынша, Тони Блэр демократиялық принциптерге өте берік болып көрінген. Ал демократиялық ұстанымдар ортақ һәм универсалды: еркін сайлау ұлыбританиялықтар үшін қандай пайдалы болса, ол ирандықтар үшін де соншалықты пайдалы.

«ТОНИ БЛЭР СӨЗІНЕН ЖАҢЫЛДЫ»

Guardian («Гардиан») журналисі Тони Блэрдің қажет жерінде интернационалист те болғанын жазады. Бұл туралы ол 1999 жылы Чикагода өткен Экономикалық клубтың жиынында сөйлеген сөзінде: «Біз бәріміз - қаласақ та, қаламасақ та, интернационалиспіз. Себебі егер қауіпсіз жағдайда өмір сүргіміз келсе, онда басқа мемлекеттердегі қақтығыстар мен адам құқықтарының бұзылуына көз жұма қарауға бізге жол жоқ» деген болатын.

«Бірақ Блэр қазір бұл сөзінен жаңылып қалды. Бұған дәлел - ол қазір не себепті Қазақстан диктаторын Батысқа «сүйкімді» етіп көрсетуге көмектесіп отырғанын түсіндірмейді. Тони Блэр диктатордың «жетістігі» мен «аса күшті экономикалық потенциалын» мақтап видеоға түскенінен өз басы ешқандай пайда көрмейтінін айтқан сияқты еді. Бірақ оның қазір демократия туралы түсінігі релятивистің ұстанымы сияқты солқылдақ. Еркін сайлау ағылшындарға қажет болуы мүмкін, ал Қазақстан енді одан ешқандай пайда көре алмайды деген қисынға келеді» деп жазады Коэн.

Автор жазбасын «Тони Блэрдің қалталыларды ұлықтай бастауы оның құлдырап бара жатқанын білдіреді» деп қорытындылайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG