Accessibility links

Велосипедші көбейді - веложол жоқ


Қала сыртында велосипед теуіп жүрген бір топ алматылықтар. Суретті Тимур Журкашев түсірген.
Қала сыртында велосипед теуіп жүрген бір топ алматылықтар. Суретті Тимур Журкашев түсірген.

Алматы қаласы спорт басқармасы қалада велосипед мінетіндердің саны жыл сайын артып келеді дейді. Ал автокөліктен гөрі велосипедтің көмегіне жүгінетіндердің айтуынша, қалада жалғыз веложол бар.


Алматылық зейнеткер Тимур Дауранов күніне үш-төрт сағатын велосипед тебуге арнайды. Тіпті қаланың шетіндегі туысқандарына да велосипедпен барады.

ОН МЫҢ ВЕЛОСИПЕДШІГЕ 2,5 ШАҚЫРЫМДЫҚ ЖОЛ

Ақсақал 19 жасынан бері велоспортқа құмартыпты. Автокөлік алуға қызықпаған.

- Осы зейнет жасына шыққанға дейін 12 велосипед ауыстырыппын. «Урал», «Атом» маркалы велосипедтерді Мәскеуден, Минсктен алдыратынмын, – дейді Тимур Дауранов.

Зейнеткердің айтуынша, қалада велосипед тебушілерге жағдай жасалмаған. Алматының жолдарының шетінде веложолдар жоқ.
Зейнеткер Тимур Дауранов (сурет жеке мұрағатынан алынды).
Зейнеткер Тимур Дауранов (сурет жеке мұрағатынан алынды).

- Бізде жаяу жүргінші мен велосипед тебушілерге тратуар ортақ. Қаламызда тек бір веложол бар. Ол жол - Абай мен Байтұрсынов көшесінің қиылысында, Балуан Шолақ спорт сарайының маңында. Ұзындығы - бар болғаны 2,5 шақырым. Ал одан басқа қалада бізге арналған жолды көрмедім, - дейді велосипедші.

Зейнеткердің сөзін «ВелоАлматы» клубының жетекшісі Тимур Журкашев та растап отыр.

- Қалада жыл сайын веложүргіншілер мен велоспортпен шұғылданатын спортшылардың саны артып келеді. Біздің дерек бойынша, Алматыда 10 мыңға жуық велосипед тебетін адам бар. Ал осыншама адамға 2,5 шақырым ғана жол бар, - дейді ол.

Тимут Журкашев осы мәселені көтеріп, қалалық әкімдікке жарты жыл бұрын хат жазыпты. Басшылық бұл мәселені жақында шешеміз деген.
Алматы көшесінде велосипед теуіп жүрген тұрғын. 2 маусым. 2012 жыл.
Алматы көшесінде велосипед теуіп жүрген тұрғын. 2 маусым. 2012 жыл.

- Қазір қаладағы велосипед тебетін жұрт жол жиегіндегі тратуарларды пайдаланып жүр. Басқа амал жоқ. Бірақ тратуарлар мен жаяу жүргіншілер жолында велосипед тебу қауіпті. Ол жерде балалар ойнап жүруі немесе қарт адамдардың келе жатуы мүмкін. Ал оған велосипедші келіп соғылса, қандай жағдай орын алатынын елестете беріңіз, - дейді велоклуб жетекшісі.

Алматыда веложолдарды былай қойғанда, велосипед қоятын тұрақ жоқ. Тек арнайы спорттық құрылғылар саудалайтын дүкендерде ғана шағын велосипед тұрағы бар. Әрине, бұл тұрақта сатылатын велосипедтер тұрады.

БҮКІЛ АЛМАТЫҒА ВЕЛОЖОЛДАР САЛЫНБАЙДЫ

Алматы қаласы спорт басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Досқараев алдағы уақытта веложолдардың саны біртіндеп өседі дейді. Алайда дәл қазір қалада жаппай веложолдар салынбайды.

Қалалық әкімдікте веложолдар салуға арналған бағдарлама бар. Бірақ біздің қалаға жаппай веложолдарды салуға қазір мүмкіндік жоқ. Себебі Алматыда
Алматы қаласы спорт басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Доcқараев. Алматы, 4 маусым 2012 жыл.
Алматы қаласы спорт басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Доcқараев. Алматы, 4 маусым 2012 жыл.
велосипед тебетін халық біз ойлағандай көп емес. Егер азаматтар машиналарын тастап, тек велосипедке көшсе ғана біз жаппай жолдар мен велотұрақтар салармыз. Ал жалпы Алматыны веложолдармен толық қамтамасыз ету үшін ондаған жыл керек.

Абай көшесінің бойындағы 2,5 шақырымдық қысқа веложол 2011 жылы Астана мен Алматыда өткен қысқы Азия ойындарының қарсаңында ашылған. Бауыржан Досқараевтың айтуынша, мұндай жол Орта Азияда жоқ.

Веложол мен велотұрақтан бөлек, Алматыда велоспортқа құмар әуесқойларға арналған жаттығу жолды да қарастырылмапты.

-Біздің қалада әуесқой спортшыларға арналған жаттығу жолы да жоқ. Сол себептен біздің спортшылар қала сыртына барып велосипед тебеді, - дейді «ВелоАлматы» клубының жетекшісі Тимур Жукашев.

ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛҒАН ВЕЛОШЕРУ

Алматыда 3 жылдан бері қала әкімі Ахметжан Есімовтың бастамасымен жиі велошеру өтіп тұрады. Бұл шара жылына 10-15 рет ұйымдастырылады. Велошеру көктемде басталып, күздің қара суығы түскенге дейін жалғасады. Қала әкімдігінің
Алматыдағы велошеру. Алматы, 4 маусым 2012 жыл.
Алматыдағы велошеру. Алматы, 4 маусым 2012 жыл.
дерегі бойынша, әр шеруге 1000 жуық әуесқой велоспортшылар қатысады екен. Қатысушылар шеру сайын 5-6 шақырымды жүріп өтеді. Алматыдағы соңғы велошара маусымның 4-і күні ұйымдастырылды. Бұл шараға қатысқан қала әкімі Ахметжан Есімов «Жыл сайын велошеруге қатысатын адамдар көбейіп келеді. Тіпті қаламызда велоқұмарлардың да саны артып жатыр» деген еді.

Алайда велошеруге автокөлік мінген қала тұрғындары қарсы. Олар велошеру өткен күні көлік кептелісі көбейеді дейді.

- Велошеру өткен күні қаладағы бірнеше көшені полицейлер жауып тастайды. Сол кезде кептеліс көбейіп кетеді. Міне, бүгін де (маусымның 4-і) кептелістің ортасында тұрмын. Қазір велосипед тепкен 500 жуық адам өтіп кеткенше осылай тұрамыз, - дейді өзін Ерасыл деп таныстырған көлік жүргізуші.

Веложолдардың жоқ екенін қарамастан, Алматы қаласының спорт басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Досқараев «Халықтың санасын осы велосипед тебуге бұрып жатқандарын» айтты.

- Біз бұл шараны еріккеннен өткізіп жүрген жоқпыз. Қаланың ауасын тазартуымыз керек. Жаз бойы 10-нан астам велошеру өтеді, - дейді басқарма қызметкері.
XS
SM
MD
LG