Accessibility links

«Сенім. Білім. Өмір» РҚБ экстремистік ұйым деп танылды


«Сенім.Білім.Өмір» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы қалалық филиалының жетекшісі, техника ғылымдарының докторы Саят Ыбырай сот залында. Алматы, 19 қазан 2011 жыл.
«Сенім.Білім.Өмір» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы қалалық филиалының жетекшісі, техника ғылымдарының докторы Саят Ыбырай сот залында. Алматы, 19 қазан 2011 жыл.
Қазақстанның бас прокуратурасы «Сенім. Білім. Өмір» республикалық қоғамдық бірлестігін (РҚБ) экстремистік ұйым деп тану туралы баспасөз ақпаратын таратты.

«2012 жылдың 7 маусымында Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотымен облыс прокурорының талап арызы бойынша «Сенім.Білім.Өмір» Республикалық қоғамдық бірлестігін экстремистік ұйым деп тану, оның қызметіне тыйым салу және мәжбүрлеп тарату туралы шешім қабылданды» деп жазады бас прокуратураның сайты.

Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотының 2011 жылдың 19 қазанындағы үкімімен «аталған бірлестік мүшелерінің діни араздықты және алауыздықты қоздырумен, азаматтарды ұрлаумен және оларды заңсыз бас бостандығынан айырумен ұштасқан экстремистік қызметі расталған» дейді Қазақстанның бас прокуратурасы.

«Сенім. Білім. Өмір» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы қалалық филиалының жетекшісі, техника ғылымдарының докторы Саят Ыбырай «адам құқығын заңсыз шектеді», «қылмыстық топ құрды», «уахабшылардың құқығын бұзды», т.б. айыптар негізінде тергеліп, 12 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Бірақ ғалымның адвокаттары, қоғам өкілдері "Саят Ыбырай діни сенімі бойынша қудаланып жатыр" деп, сот үкімімен келіспеген.

Сот 2011 жылы 19 қазанда Саят Ыбыраймен бірге, "Сопылар ісі" аталып кеткен қылмыстық іс бойынша жиыны 9 адамды 2 жылдан 14 дейін бас бостандықтарынан айыруға үкім шығарған.
XS
SM
MD
LG