Accessibility links

Балқашта түрме басшылары сотталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.
Балқаштағы 2011 жылы 11 шілдеде 16 тұтқын қашпақ болып, ақыры «өздерін-өздері жарып жіберген» АК-159/21 түрмесінің басшылары сотталды деп хабарлайды ақпарат агенттіктері.

"Мекеменің үш басшысы Қазақстан республикасы қылмыстық кодексінің 315-бабының 4-бөлімі ("Қызметінде әрекет жасамағаны кесірінен ауыр зардапқа ұрындыру") бойынша айыпты деп танылды" деп хабарлады қалалық сот бүгін.

Шілденің 7-сінде шыққан үкім бойынша, түрме басшысы Қайрат Қараев 4 жыл 2 айға, абақтының тәртіп бөлімінің бастығы Ерлан Әшімханов пен жедел бөлім бастығы Болат Төлеубаевтар 4 жылға сотталып, мүліктері тәркіленіп, жалпы тәртіптегі колонияға кесілген.

Сотталған азаматтар үкіммен келіспей, облыстық сотқа апелляциялық шағым беретіндерін айтқан.

2011 жылы 11 шілдеде Балқаш түрмесіндегі 16 тұтқын күзетшілерге шабуыл жасап, абақтыдан қашып кетпек болған еді. Ресми дерекке қарағанда, қашпақ болған тұтқындар ұсталар кезде оттегі баллонын жарып жіберіп, түгел мерт болған.

Абақтыдан қашқан тұтқындар түрменің екі қызметкерін пышақтап, төртеуін атқан – олардың біреуі ауруханаға бара жатқанда көз жұмған.
XS
SM
MD
LG