Accessibility links

Шекарашыларды жерлеу рәсімдері өтті


Қазақстан-Қытай шекарасында тұрған қазақстандық шекарашы. 13 мамыр 2003 жыл. Көрнекі сурет

Қазақстан-Қытай шекарасында тұрған қазақстандық шекарашы. 13 мамыр 2003 жыл. Көрнекі сурет

30 мамыр күні "Арқанкерген" постында өлі күйінде табылған 14 шекарашы мен қорықшыны жерлеу рәсімдері өтті. Бұл туралы "Қазақпарат" агенттігі хабарлады. Әзірше үш шекарашының мүрделері әлі танылмаған күйі қалды.

10 маусым күні Қазақстанның бірнеше облысында қаза болған шекарашыларды ресми түрде жерлеу рәсімдері ұйымдастырылды. Марқұм Ерлан Ақышев (1988 жылы туған) пен Талғат Сәрсембаевтарды (1988 ж.т.) жерлеу рәсімдері Үшарал ауданында өтті.

Жексенбі күні Қарағанды обылсының Балқаш қаласында шекарашы Нұрланбек Мұқашевті (1991 ж.т.) туыстары мен жақындары ақтық сапарға шығарып салды. "Қазақпарат" оның отбасына 1.4 миллион теңге жәрдемақы төленді деп хабарлады.

Тараз қаласы мен Шу ауданында қаза болған жамбылдық екі шекарашы Нұржан Үсіпәлиев (1991 ж.т.) пен Жанат Ілиясовты (1992 ж.т.) жерлеу рәсімдері ұйымдастырылды.

Атырау қаласында марқұм үш шекарашы Данияр Балғабаев (1992 ж.т.), Жеңіс Сағынғалиев (1990 ж.т.) және Бекзат Әмірғалиевтерді (1989 ж.т.) соңғы сапарға шығарып салу жиыны өтті.

Ал Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданы Мерей ауылында «Арқанкерген» постының бастығы, капитан Алтынбек Кереевті (1984 ж.т.) жерлеу рәсімі өтті.

"Қазақпараттың" хабарлауынша, опат болған шекарашылар Рүстем Ақылбаев, Денис Рей және Мейірхан Именовтің мүрделері әлі танылған жоқ.

30 мамыр күні Алматы облысы Алакөл ауданындағы «Шығыс» аймақтық шекара қызметі Үшарал отрядының "Сарыбөктер" заставасына қарасты "Арқанкерген" постында 14 шекарашы мен бір қорықшы өлі күйінде табылған еді. Бас прокуратура өкілі бірнеше күннен соң табылған тірі қалған жалғыз шекарашы Владислав Челах әскери қызметтестерін "өзі өлтіргенін мойындады" деп хабарлаған. Челахтың туыстары бұл айыптауға сене алмайтындарын мәлімдеген болатын.
XS
SM
MD
LG