Accessibility links

УЕФА Ресей фанаттарының бұзақылығын тексермек


Вроцлав стадионындағы Ресей жанкүйерлері. 8 маусым, 2012 жыл
Вроцлав стадионындағы Ресей жанкүйерлері. 8 маусым, 2012 жыл
10 маусым, жексенбі күні Ресей футбол федерациясының президенті Сергей Фурсенко 2010 жылы Смоленскіде ұшақ апатынан қаза тапқан Польша президенті мен 95 серігін еске алу үшін ескерткішке гүл шоғын қойды.

Фурсенконың бұл ишарасы УЕФА-ның Ресей жанкүйерлеріне қатысты мәлімдемесінен кейін жасалып отыр. УЕФА 8 маусым күні Ресей мен Чехия арасында өткен ойын кезінде ресейлік футбол фанаттарының бұзақылық жасап, нәсілшілдік танытқанын тексермек.

Бейнежазбаларда ресейлік жанкүйерлердің стадиондағы күзетшілерге шабуыл жасағаны, әсіре ұлтшыл тулар ұстап, Чехия құрамасындағы қара нәсілді ойыншыны қорлайтын мазақ сөздер айтқаны көрінеді. Бұдан бөлек сол күні кешкісін ресейлік жанкүйерлер жергілікті сыраханалардың бірінде төбелес шығарып, ғимарат ішін қиратқаны туралы хабар тарады.

Осыған байланысты Ресейдің футбол федерациясы әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін. Польшалық билік орындары Ресей құрамасы Лех Качинскиді еске алу орнына жақын жердегі қонақ үйге түскендіктен екі елдің жанкүйерлері арасында тағы бір жанжал туа ма деп қобалжып отыр.
XS
SM
MD
LG