Accessibility links

Жаңаөзенде спутниктік тәрелкелерді жинап жатыр


Жаңаөзен тұрғыны Айгүл Бөлекбайқызының «жоғалып, сынық күйде табылған» спутниктік тәрелкесі. Жаңаөзен, 11 маусым, 2012 жыл
Жаңаөзен тұрғыны Айгүл Бөлекбайқызының «жоғалып, сынық күйде табылған» спутниктік тәрелкесі. Жаңаөзен, 11 маусым, 2012 жыл

Құқық қорғаушылар мұны қаңтар айында қабылданған «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңның «алғашқы жемісі» деп атайды. Ал әкімшілік "тәрелкелер қала көркін бұзады" деп санайды.

Жаңаөзен қаласында көпқабатты үйде тұратын Айгүл Бөлекбайқызы (есімі өзгертілді – ред.) маусымның 1-і күні үйдің шатырында тұрған спутник тәрелкесі ұшты-күйлі жоқ боп кеткенін, оны кеше сынған күйде қайта тапқанын айтады. Тұрғынның айтуынша, пәтер иелерінің кооператив өкілдері «әкімшілік жауап береді» деп жергілікті атқарушы билік органына сілтесе, әкімшілік кооперативке бару керектігін айтып тұрғынды әуре-сарсаңға салған.

"ҚАЛА КӨРКІН БҰЗАТЫН" ТӘРЕЛКЕЛЕР

- Бір тәрелкені таба алмай сөйтіп екі ортада жүрдім. Айқай-шу көтергеннен кейін ақырында кеше кооперативтегілер «желге ұшып кеткен екен» деп сынық-сынық күйде әкеп тұр. Головкасы бөлек, тәрелкесі бөлек келді. Өздері ұрмаса, ол темірдің сынып қалуы мүмкін емес қой, - деді Айгүл Бөлекбайқызы.

Оның айтуынша, кооператив өкілдері «Не үшін шу көтеріп жүрсің?» деп тұрғынның өзіне шүйліккен. Бесінші қабатта тұратын көршісі де тәрелкесін жоғалтып алып,
Жаңаөзендегі спутниктік тәрелкелер. Сәбиттің карикатурасы. Алматы, 14 маусым 2012 жыл.
Жаңаөзендегі спутниктік тәрелкелер. Сәбиттің карикатурасы. Алматы, 14 маусым 2012 жыл.
майысқан күйде әзер тапқан.

- Спутниктік тәрелкесі алынып тасталған адамдар көп. Мына алаңның жанындағы үйлердің бәрінікін алып кеткен. Үйлерге жөндеу жұмыстары басталған кезден (маусымның 1-і күні – А.Б) бастап алынып жатыр, - деді Айгүл Бөлекбайқызы.

Қазіргі кезде қанша тұрғынның спутниктік қондырғысы алынғаны туралы нақты дерек жоқ. Жаңаөзен тұрғындарының айтуынша, негізінен алаңның маңында орналасқан көпқабатты үйлердегі тәрелкелер алынып жатыр. Әкімшілік «бұлардың қала көркін бұзатынын» айтқан.

OTAU TV – ЖАҢА ҚҰРАЛ

Қала тұрғыны Гүлнәр Досова Азаттық тілшісіне:

- «Отау ТВ қашан орнатыла бастады - содан бастап алына бастады. Негізінен орталық жақта алынып жатыр. Ал орталыққа қарамайтын үйлер де бар. Мысалы, біздің үй. Біздің тәрелкемізге тиіскен жоқ. Қазір арналарды еркін көріп отырмыз. Ал білуімше, көшеге, сыртынан ерсі боп көрінетін жақтарда алынып тасталған, - деді.

Тұрғындардың айтуынша, бұған дейін спутниктік тәрелкелері бар Жаңаөзен азаматтары Ақтауда болып жатқан сот процестерін «К+» арнасынан еш кедергісіз көріп келген. Енді олар бұл арнаны көре алмай отыр. Олардың айтуынша, қазір орнатылып жатқан мемлекеттік «OTAU TV» ұлттық операторы ұсынып отырған арналардың арасында «К+» сияқты тәуелсіз арналар жоқтың қасы.
Биылғы жылдың басында Иран полициясы да халықтың спутниктік тәрелкелерін жаппай кәмпескелеген еді. Тегеран, 21 ақпан 2012 жыл
Биылғы жылдың басында Иран полициясы да халықтың спутниктік тәрелкелерін жаппай кәмпескелеген еді. Тегеран, 21 ақпан 2012 жыл

Маусымның 11-і күні Жаңаөзен қалалық әкімшілігіне хабарласқанымызда хатшы қыз қала әкімі Серікбай Тұрымовтың сыртқа кеткенін айтты. Ал қала әкімінің орынбасары Бердібек Қалыбаев «демалыста екенін» айтып, мәселеден хабарсыз болып шықты.

Бұл ақпаратқа орай түсініктеме жасаған «Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымы маусымның 11-і күні ресми сайтында былай деп жазады.

«Жаңаөзенде қала көркі үшін деген сылтаумен спутниктік тәрелкелер алына бастады. Бірнеше үй тұрғындары зардап шекті. Жергілікті атқарушы билікке «Телерадио хабарларын тарату туралы» заң осындай мүмкіндік берді. Заң жобасы жасалып жатқан кезде құқық қорғаушылар бұл норманы алып тастауды талап еткен болатын. Олар сол арқылы мемлекеттің уысына түсе қоймаған жеке спутник қабылдағыштармен күресе бастайды деп болжаған еді» деп жазады ұйым.

«ЦЕНЗУРАҒА ТИІМДІ ПРОГРЕСС»

«Әділ сөз» баспасөз ұйымының президенті Тамара Калееваның айтуынша, өкінішке қарай, «Телерадио хабарларын тарату туралы» заң қабылданғалы бері «мұндай шектен асқан әрекеттер» «заңды» саналып отыр. Оның айтуынша, Қазақстан конституциясында цензура мен азаматтардың еркін ақпарат алуына құқық берілсе де, билік соған қайшы заңды қабылдап жіберген. Осылайша азаматтардың ақпарат алу құқығы өрескел бұзылып отыр.
«Бұл бүкіл әлемде бар техникалық прогресс...» деп пікірімізге құлақ аспады... Бізде техникалық прогресті цензураның қажеттілігіне бейімдеп жіберді. Бұл Жаңаөзенге бірінші боп жетті.
Тамара Калеева

- Мен заң жобасы талқыланып жатқан кезде қарсылық білдіргенімде «бұл бүкіл әлемде бар техникалық прогресс...» деп пікірімізге құлақ аспады. Бұл «техникалық прогресс» бағдарламалар мазмұнына әсер етпеуі тиіс еді. Тұрғындардың қалаған арнасын көруге кедергі келтірмеуі тиіс-тін. Ал бізде техникалық прогресті цензураның қажеттілігіне бейімдеп жіберді. Бұл Жаңаөзенге бірінші боп жетті. Әзірге, елде сандық арналар аз. Сандық форматта мемлекеттік арналармен қатар «тәуелсіз-сымақ» арналар бар. Бұл арналар мемлекеттік мұнара арқылы «Қазтелеарадио» аясында хабар таратады. Бір жағынан осыны сылтауратып тәрелкелерді алып тастап жатыр, - деді Тамара Калеева.

Оның айтуынша, бұл заңның сонымен бірге «жеке меншік туралы» заңға да қайшы келетін тұстары бар.

- Егер спутник тәрелкелерін азаматтардың өздері сатып алған болса, онда жеке мүлік туралы заңға сәйкес, оны ешкімнің тартып алуына құқығы жоқ. Тәрелкелері сынған азаматтар сотқа жүгіне алады, - деді ол.

Қазақстанда қаңтар айында «Телерадио хабарларын тарату туралы» жаңа заң қабылданған.

Ресми ақпарат бойынша, заң «телерадио хабарларын тарату саласында бірыңғай құқықтық базаны қалыптастыруды, телерадио хабарларын таратудың сандық, спутниктік және басқа да түрлерінің жұмысын реттестіруді» көздейді.
Бұған дейін сөз бостандығын қорғау ұйымдары заң жобасының кейбір тұстары «ақпарат және сөз бостандығын шектейді» деп сынаған болатын.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG