Accessibility links

«Қазақ» газетінің шыққанына 100 жыл толады


«Қазақ» газетінің 50-саны. 1914 жыл.
«Қазақ» газетінің 50-саны. 1914 жыл.

Келесі жылдың ақпан айында «Қазақ» газетінің алғашқы санының шыққанына бір ғасыр толады. Алаш қозғалысының саяси ұстанымдарын жариялап тұрған басылым жаңа қазақ тілінде шынайы кәсіби газет стилін қалыптастырды, зор ағартушылық рөл атқарды.


Бірінші болып 1870-1882 жылдар аралығында Ташкентте басылып тұрған «Түркістан уалаятының газеті» дүниеге келді. Бұл мерзімді басылым Түркістан генерал-губернаторының ресми үнқағазы – «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша ретінде айына төрт рет қазақ және өзбек тілдерінде алма-кезек шығып тұрды.

АЛҒАШҚЫ «ГАЗЕТТЕР»

Басылым жабылған соң, 1888 жылы Дала генерал-губернаторының Омбыдағы кеңсесі жанынан «Дала уалаятының газеті» деген атаумен екінші басылым жарық көре бастады. Жаңа газет 1894 жылға дейін «Особое прибавленіе къ «Акмолинскимъ областнымъ ведомостямъ» басылымына, 1900 жылға дейін - «Акмолинскимъ, Семипалатинскимъ и Семиречинскимъ областнымъ ведомостямъ» басылымының «Киргизская степная газета» атауымен басылып тұрған үнқағазына, ал біржола жабылған 1902 жылға дейін «Акмолинскимъ областнымъ ведомостямъ» газетіне қосымша ретінде жарық көріп тұрды.
1911 жылы қаңтар мен 1915 жылғы тамыз аралығында Ресейдің Троицк қаласында жарық көрген «Айқап» журналына ақын, жазушы Мұхаметжан Сералин редакторлық еткен. Журнал 1911 жылдың қаңтарынан 1915 жылдың тамызына дейін шықты.
1911 жылы қаңтар мен 1915 жылғы тамыз аралығында Ресейдің Троицк қаласында жарық көрген «Айқап» журналына ақын, жазушы Мұхаметжан Сералин редакторлық еткен. Журнал 1911 жылдың қаңтарынан 1915 жылдың тамызына дейін шықты.

Ресми тарихнама бойынша, аталған екі басылым мерзімді қазақ баспасөзінің басы деп саналады.

Көп ұзамай өзге басылымдар шыға бастады. 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс төңкерісі тұсында шығып, қазақтың қоғамдық-саяси өміріне онша ықпал ете алмай ғайып болған «Серке» және «Қазақ газеті» солардың қатарында.

1911 жылы шыға бастаған өзге екі басылым – «Қазақстан» газеті мен «Айқап» журналы әлдеқайда салмақты көрінді және дәуірі ұзағырақ болды. Газетті кадет корпусының түлегі, белгілі ақын әрі ағартушы Шәңгерей Бөкейұлы ашты, ал журналды шығаруға белгілі қоғам қайраткері, публицист Жанша (Жиһанша) Сердалин мұрындық болды.

15 нөмірі жарық көрісімен отаршыл биліктің күштеуімен жабылған «Қазақ» газетіне қарағанда, 500 данамен басылатын «Айқап» журналының тұрақты оқырмандары қалыптасқан еді.

«АЙҚАП» НЕГЕ ШЫҚПАЙ ҚАЛДЫ?

«Айқап» журналының алдыңғы басылымдардан, әсіресе патша әкімшілігінің ресми баспа үні болған «Түркістан уалаяты» мен «Дала уалаяты» газеттерінен ерекшелігі – журналда қазақтың 20-ғасыр басындағы әдеби-мәдени қозғалысы мен қоғамдық пікірінің дамуы айтарлықтай көрініп тұрды.
Сорбонна университеті. Франция, Париж. (Көрнекі сурет)
Сорбонна университеті. Франция, Париж. (Көрнекі сурет)

Сорбонна (Париж) университеті зерттеушілерінің мәліметінше, «Тарихшылар, педагогтар, лингвистер мен ақындардан құрылған тамаша ұжымның арқасында «Айқап» журналы өте жақсы көркемделген 20 бет болып басылып тұрды» және «Әдеби қазақ тілінің қалыптасуы мен әдебиеттің дамуына едәуір үлес қосты; ұлттық мәдениетке ерекше ден қойған журнал көп ізденісін халық шығармашылығы мен қазақ этнографиясына арнады».

Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілі бойынша тұңғыш зерттеулерін осы «Айқап» журналында жариялағанын айта кеткен дұрыс.

Алайда 1915 жылы 83-саны (басқа дерек бойынша, 88-саны) жарық көрген, қазақтың тұңғыш мәдени-ағартушы журналы болған «Айқапты», бір мәлімет бойынша, отаршыл әкімшілік күштеп жапты, басқа дерек көздеріне сәйкес, қаржы тапшылығынан жабылды.

«ҚАЗАҚТЫҢ» ШЫҒУ ТАРИХЫ

Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Райымжан Мәрсекұлы және басқалар бастаған алдыңғы қатарлы қазақ оқығандары жалпыхалықтық газет ашумен 1905 жылдан айналыса бастады. Алдымен олар «18 ақпан жарлығы» шығысымен
"Қазақ" газетінің басты ұйымдастырушысы, қамқоршысы әрі негізгі авторы Әлихан Бөкейханұлы.
"Қазақ" газетінің басты ұйымдастырушысы, қамқоршысы әрі негізгі авторы Әлихан Бөкейханұлы.
өздерінің саяси талаптарын әйгілі «Қарқаралы петициясына» тізіп жазып, осы жарлыққа қол қойған орыс патшасының атына поштамен жөнелтеді.

Петицияның 3-тарауында: «Қазақ халқының қазіргі мұқтажын айқындау үшін қазақ тілінде газеттер басып шығару қажет, ол үшін бастапқы цензурасыз баспахана ашуға және газет басуға рұқсат сұрау емес, құлақтандыру тәртібін орнату керек болады» деп жазылған еді.

Сол жылғы желтоқсан айының басында ақпарат көзі ретінде Санкт-Петербургтің «Новая жизнь» газетін сілтеп көрсеткен семейлік «Семипалатинскій листокъ» «17 қазан манифесі мен одан кейінгі тұста Ә.Бөкейхановтың қазақ тілінде газет басып шығару үшін қырға кеткенін» хабарлады.

Ал қараша айында Бөкейхан Ресейдің «жергілікті (земский) және қалалық қайраткерлерінің» Мәскеудегі съезінде қазақтың сөз бостандығына зәру екенін айтып сөз сөйледі. Ол: «Ана тілін еркін қолдану қазақтардың таяу арадағы мұқтажы, сөз бостандығы әсіресе алдағы сайлау науқанына қажет» деп мәлімдеді.

«ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІНІҢ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ «ҮСТЕМДІГІ»

Тарихи деректерге қарағанда, «Қазақ» деген атаумен қазақ газетін шығаруға ресми рұқсат Ахмет Байтұрсынұлына 1905 жылғы желтоқсанның 9-ы берілген. Ал апталық «Қазақ» газетінің алғашқы саны 1913 жылғы ақпанның 2-сінде жарық көрді де, 1915 жылдан аптасына екі рет шығатын болды.

Газет қолдан қолға, ауылдан ауылға өтіп, тозып жетіп жыртылғанша оқылды. Оны сол заманда Дала және Түркістан уалаяттарына немесе 9 облыс және 1 губернияға бөлінген (Қыр баласы. Қазақ. «Қазақ» газеті, 1913 жыл, № 8) Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жұрт жаздырып алды.
20 ғасыр басындағы қазақ зиялылары. Ортада отырған – Міржақып Дулатұлы.
20 ғасыр басындағы қазақ зиялылары. Ортада отырған – Міржақып Дулатұлы.

«Қазақ» газетін метрополияның Киевтен Қазанға, Санкт-Петербургтен Томскіге дейінгі университеттерінде білім қуып жүрген қазақ студенттері жаздырып оқығаны туралы деректер кездеседі. Аз уақыт ішінде «Қазақ» 5 миллионға жуық көшпенді халықтың көпшілігі білетін басылымға айналды.

Алғаш жарық көрген күнінен бастап «Қазақ» газеті қазақ даласының қоғамдық-саяси және мәдени өміріне бес жылдан ұзақ жападан-жалғыз қызмет етті.

Оған қоса өзінен бұрынғы басылымдардың бірі де жаңа газетпен не сапасы, не көтерген тақырыптарының сан-салалығы, не таралымы жағынан тең келе алмады. Бірінші жылы 3 мың таралыммен шығып тұрған «Қазақтың» таралымы, Оксфорд университеті зерттеушілерінің мәліметіне қарағанда, көп кешікпей 8 мыңнан асып жығылды. Бұл өзінен бұрынғы басылымдардың бәрін қосқанда да көп болады.

Егер «Серке» мен «Қазақ газеті» немесе «Айқап» журналы оқыған және қалталы қазақтардың арасынан шыққан бір азаматтың немесе санаулы халықшыл азаматтың кездейсоқ және жеке бастамасымен пайда болса, «Қазақ» газеті тиянақты мақсат-мүддені көздеп, тұрақты қаржыландыру көзіне сүйенген ұжым еді.
"Қазақ" газетінің аптасына 2 рет шыға бастауымен құттықтаған және оқырмандарын басылымға жер-жерден мақалалар, жаңалықтар жазып тұруға шақырған "Қыр баласының" ашық хаты жарияланған 1915 жылғы 8 қаңтардағы 94 саны. .
"Қазақ" газетінің аптасына 2 рет шыға бастауымен құттықтаған және оқырмандарын басылымға жер-жерден мақалалар, жаңалықтар жазып тұруға шақырған "Қыр баласының" ашық хаты жарияланған 1915 жылғы 8 қаңтардағы 94 саны. .

Егер қайсыбір басылым, мысалы, «Қазақстан» мен «Қазақ газеті» немесе «Айқап» негізінен қаржының жетіспеуінен тоқтап қалған болса, «Қазақ» газетінің сенімді демеушілері болғанына мынадай дәлел бар: газет шығып тұрған 1913 жылдың ақпанынан 1917 жылдың соңына дейін оның бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлы сан рет тұтқынға алу немесе айыппұл төлеу секілді түрлі жазаға тартылса, абақтыға жабылған әр жолы бірнеше мың патша рублі мөлшерінде ақшалай кепілдік төлеп босап шығуына тура келетін. Ол заманда мұндай қаржыға «Қазақ» секілді бірнеше газет ұйымдастырып басып тұруға болатын.

«ҚАЗАҚТЫҢ» ҚҰРЫЛТАЙШЫЛАРЫ

Әлихан Бөкейхан 1910 жылы Санкт-Петербургта жарық көрген «Қазақтар» атты тарихи очеркінде атап көрсеткендей, 1917 жылғы дейін қазақ арасында қалыптаса бастаған екі саяси толқынның бірін «ұлттық-діни қозғалыс» деп атауға болады.

Екінші саяси қозғалысты Бөкейхан «батысшыл» деп атайды және «ол қазақ даласының келешегін – ең кең мағынада айтқанда – саналы түрде Батыс мәдениетін жүзеге асыру арқылы көреді».

Егер де алдыңғы мерзімді басылымдарды негізінен ұлттық-діни қозғалыстың өкілдері ашқан болса, «Қазақ» газетінің құрылтайшылары - Әлихан Бөкейханның өзі мен оның сенімді үзеңгілестері Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы сынды «батысшылдар» болатын.

Оксфорд университетіндегі Орталық Азияны зерттеу қоғамының пікірінше, «Қазақтың барлық маңдайалды жетекшілері оның [«Қазақ» газетінің] қызметкерлерінің арасында жүрді, оның ішінде М.Жұмабайұлы, М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы, А.-Х.Жүндібайұлы, М.Тынышбайұлы және тағы басқалар бар...».
Біздің қазақ өзінің атынан айрылып, қырғыз атанып жүрмекші емес. Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ.

«А.Байтұрсынұлы және басқалар өздерінің қазақ тарихы, қазақ фольклоры және лингвистикасы туралы зерттеулерін жариялады. Жалпы «Қазақ» газеті өте жоғары ғылыми деңгейге жетті» деп есептейді Оксфорд университетінің зерттеушілері.

Әйтсе де «Қазақ» газетінің құрылтайшылары ағартушылықпен қатар, негізі 1905 жылғы «Қарқаралы петициясына» жазылған саяси мақсаттар мен мүдделерді де, оның ішінде стратегиялық мақсаттарды жүзеге асырғысы келді.

Петицияда көрсетілмеген маңызды мүдденің бірі - газеттің атауы. Ол туралы «Түрік баласы» газеттің екінші санынан бастап «Қазақ тарихы» айдарымен жарияланған тізбекті мақаласында былай деп жазды: «...Біздің қазақ өзінің атынан айрылып, қырғыз атанып жүрмекші емес. Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай, және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті» (Казакская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» (Казакская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы» (Түрік баласы. Қазақ тарихы. «Қазақ» газеті, 16 ақпан, 1913 жыл, № 3).

«ҚАЗАҚ» ЖАБЫЛДЫ, БІРАҚ ОНЫҢ БАСТЫ МАҚСАТЫ ОРЫНДАЛДЫ

«Қазақ» пен оның құрылтайшыларының орта және ұзақ мерзімге жоспарлаған мақсаттарына келсек, олар мыналар:

- Қазақтардың 1907 жылғы 3 маусым заңымен жойылған сайлау және сайлану құқығын қалпына келтіру;

- Келімсектерді қоныстандыру арқылы отарлау саясатына қарсы тұру және тәркіленген жерлерді қазақтарға қайтарып алып, меншікті жері ретінде заңдастыру;
«Алаш» партиясының жетекшілері Ахмет Байтұрсынұлы (сол жақта), Әлихан Бөкейхан (оң жақта).
«Алаш» партиясының жетекшілері Ахмет Байтұрсынұлы (сол жақта), Әлихан Бөкейхан (оң жақта).

- «Ауыл мектептеріне қазақ әліппесін енгізу, осы мектептерде балаларды ана тілінде оқыту» және «Болыс кеңселері мен халық соттарында ісқағаздарын қазақ тілінде жүргізу» арқылы астыртын және ашық орыстандыру саясатына төтеп беру;

- Дала өлкесіне заң жүзінде земство (жергілікті басқару) тетігін енгізу мен дамыту арқылы жаңа қазақ мемлекетінің негізін салуды бастау;

- Қазақтарды әскери қызмет етуге заң арқылы міндеттеу, сол арқылы қазақтар үшін қазіргі заманның әскери ілімі мен қару-жарағына жол ашу.

Ал «Қазақ» газеті мен оның құрылтайшыларының көздеген түпкілікті мақсаты – қазақтың ұлттық мемлекеттігін қайта көтеру және Әлихан Бөкейхан өзінің «Қазақтар» очеркінде атап өткендей, қазақтың ұлттық салт-дәстүрі негізінде «батыс мәдениеті жүзеге асырылуға тиіс» болатын.

Алдына міне осындай мақсат-мүдделерді қойған «Қазақ» газеті мен оның құрылтайшылары мақсаттарына монархиялық билік дәуірінде қантөгіссіз күрес жолымен жетуге ұмтылды.

Алайда, отаршыл империя заманынан аман шыға білген «Қазақ» газеті совет өкіметінің Қазақстанға билік орнатуға тырысқан алғашқы күндерінде-ақ – 1918 жылдың наурызында біржола жабылды. Көп ұзамай оның құрылтайшылары мен авторларының басым көпшілігі саяси қуғын-сүргін кезінде атылып кетті.
XS
SM
MD
LG