Accessibility links

Лондонда қазақ саяси тұтқындарын қолдаған пикет өтті


Белсенділер баспасөз мәслихатынан кейін Атабаев пен Мамайды қудаламауды талап етіп тұр. Алматы, 15 маусым 2015 жыл. (Көрнекі сурет).
Белсенділер баспасөз мәслихатынан кейін Атабаев пен Мамайды қудаламауды талап етіп тұр. Алматы, 15 маусым 2015 жыл. (Көрнекі сурет).
21 маусымда Лондондағы Қазақстан елшілігінің алдында қамаудағы театр режиссері Болат Атабаев пен Қазақстандағы саяси тұтқындарды қолдаған пикет өтті деп хабарлайды Қазақстанның социалистік қозғалысы ұйымы.

Ұйым таратқан ақпаратқа қарағанда, пикетті Ұлыбританияның социалистік партиясының белсенділері мен CampaignKazakhstan қозғалысының аясына біріккен бірқатар кәсіподақ өкілдері өткізген. Пикетке Ұлыбританияда тұратын музыкант апалы-сіңлілі Нақыпбековалар және тәуелсіз "Жаңарту" кәсіподағының төрағасы Есенбек Өктешбаев та қатысқан.

Қатысушылар Болат Атабаевты, Маңғыстау облысындағы 2011 жылғы 16-17 желтоқсандағы оқиғаларға орай сотталғандарды босатуды және қарусыз адамдарға оқ атқандарды жазалауды сұраған.

"Музыкант Әлфия Нақыпбекова Қазақстанда оппозиция өкілдері мен өнер адамдарын қудалауды тоқтатуды талап етті. Ол Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларда қаза тапқандарға арнап шығарған шығармасын орындады" дейді ұйым.

Бұдан соң пикетке қатысушылар елшілікке мұндай акциялардың енді тұрақты түрде болатыны, тіпті қажет болса шеруге шығатыны туралы ескерту жазылған петиция тапсырған.
XS
SM
MD
LG