Accessibility links

«Полициямен атысқандардың» ісін кім тексеріп жатқаны белгісіз


Атыс болған маңда жүрген полицейлер. Ақтөбе, 23 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Атыс болған маңда жүрген полицейлер. Ақтөбе, 23 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Ақтөбедегі атыстан кейін іле-шала Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов «оқиғаның діни экстремизмге қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқанын» айтты.

Бірақ Ақтөбедегі құқық қорғау және қауіпсіздік органдары бұл іспен қай органның айналысып жатқанын төрт күннен бері айтпай отыр.

Облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) баспасөз қызметінің бастығы Алмат Иманғалиев:

- Бұл іспен спецпрокуратура айналысып жатыр. Біздің құзырымызда емес, - деп жауап берді.

Ал Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі Ләйлә Тәжина:

- Прокуратура - қадағалаушы орган. Бұл іс ІІД құзырында. Бізде производствода жоқ, - деді.

«ЖОЛМЫРЗАНЫ ДІНГЕ БОЛА ӘСКЕРГЕ АЛМАПТЫ»

Маусымның 23-і күні Ақтөбе қаласы Краснощеков көшесіндегі 46-үй маңында «полицияға қарулы қарсылық көрсетті» деп сипатталған үш жігіт пен полиция атысқан еді. Үш жігіттің екеуі (1991 жылы туған Жолмырза Бекбауов, 1989 жылы туған Ерназар Мырзағали) сол жерде көз жұмып, біреуі (1994 жылы туған Ғабит Құрманқұл) тірі қалған.

Маусымның 26-сы күні Жолмырза Бекбауовты туыстары жер қойнына тапсырды.
Жолмырза Бекбауовқа іздеу жариялаған қағаз. Ақтөбе, 23 маусым 2012 жыл.
Жолмырза Бекбауовқа іздеу жариялаған қағаз. Ақтөбе, 23 маусым 2012 жыл.
Марқұмның сүйегі Ақтөбе қаласындағы Рысқұлов көшесінің бойында орналасқан жатақханадан шығарылды. Көршілерінің айтуынша, қоштасуға «200-ге жуық сақалды адам» жиналған.

Жерлеу рәсімінде болған «Стан ТВ» арнасының тілшісі Дәнеш Байболат:

- Жолмырза Бекбауовтың сүйегін моргтан кеше берді. Жатақханада тұрады екен. Жолмырзаның ауыраяқ әйелі бар екен. Бірақ оны көрген жоқпыз. Ағасымен сөйлестік. Далада бір топ адам отырды. Бәрі - сақал қойған, қысқа балақ. Олар Жолмырзаның жаназасына келіпті. Сүйекті үйге кіргізген жоқ. Бірден сол жерде жинала қалып, шамасы екі жүз қаралы адам, бәрі сақалды, 5-10 минуттың төңірегінде, тез жаназасын шығарып, сүйекті алып кетті. Бізбен сөйлескендері «Жолмырзамен жақсы араласқанбыз. Жақсы жігіт, бәріміздің бауырымыз» деді, - дейді.

Дәнеш Байболаттың айтуынша, Жолмырза Бекбауовты дінге қатысы болғаны үшін Қазақстан қарулы күштерінің қатарына алмай қойған.

- Жолмырзаны кезінде армия қатарына алмай қойыпты. Ағасына жақсы бір танысы әскерге оны не үшін алмай қойған себептерін айтып берген. Оны әскер қатарына дінге бет бұрып, сақал қойғаны үшін алмапты. Әскер қатарына барғаннан кейін басқа балаларды да бүлдіруі мүмкін деген қауіппен әскерге алмаған екен, - дейді журналист.

«ЕРНАЗАР ҚАРЖЫ ТАПШЫЛЫҒЫНАН ОҚУЫН ТАСТАДЫ»

Ал марқұм Ерназар Мырзағалидың анасы маусымның 24-і күні телефонмен берген сұхбатында «Балам қаржы тапшылығынан «Дүниедегі» оқуын тастап кетті» деген еді.

«Дүние» университетіндегі оқу бөлімінің қызметкері Әлия Інжілова Қарауылкелді
Ерназар Мырзағалиға іздеу жариялаған қағаз. Ақтөбе, 23 маусым 2012 жыл.
Ерназар Мырзағалиға іздеу жариялаған қағаз. Ақтөбе, 23 маусым 2012 жыл.
ауылының тұрғыны Ерназар Мырзағалидың 2006-2008 жылдар аралығында осы университетте білім алғанын растады. Ол мұнай-газ ісі факультетінде оқыған. Алғашқы жылы оқу ақысы - 130 мың теңге, екінші жылы 135 мың теңге болыпты.

Маусымның 23-і күнгі атыс кезінде жарақат алған екі полицей мен бір күдікті қазір Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасында ем алып жатыр. Осы аурухананың бас дәрігері Сәубет Келімбердиевтің айтуынша, үшеуінің де жағдайлары жаман емес.

– Басқа ештеңе айта алмаймын. Қалған ақпаратты полициядан алыңдар, – деді Сәубет Келімбердиев.

«АТЫС МЕТАЛЛ ҚАБЫЛДАУ ПУНКТІНДЕ БОЛДЫ»

Маусымның 23-і күні үш күдікті бой тасалап, полицияға қарулы қарсылық көрсеткен ғимаратты ішкі істер бөлімінің екі адамы бар автопатрулі дүйсенбі күні де күзетіп тұрды.

– Бізге бұл жерге журналистер тұрмақ ғимарат иелерін де өткізуге тыйым салынған, – деді аты-жөнін атамауды жөн көрген полиция қызметкері.
Полициямен қарулы қақтығыс болған Краснощеков көшесіндегі №46 үй. Ақтөбе, 25 маусым 2012 жыл.
Полициямен қарулы қақтығыс болған Краснощеков көшесіндегі №46 үй. Ақтөбе, 25 маусым 2012 жыл.

Краснощеков көшесіндегі атыс болған № 46 үйдің теміржолға арқасын беріп тұрған ауласында металл қабылдайтын пункт, ұстахана, т.б. өндірістік цехтар бар.

Сол маңдағы Еңбекші көшесінің тұрғыны Валера «Атыс металл қабылдайтын пунктта болды» дейді. Оның айтуынша, сол күні түс әлетінде арнайы жасақ сарбаздары келіп, отбасын қауіпсіз аймаққа көшіре бастаған.

– Алдымен полицейлер металл қабылдайтын пункттің біздің ауламызға қарайтын терезесіне граната ма, дымовая шашка ма бірдеңені лақтырып жіберді. Қою түтінді көрдім. Полицейлер содан кейін ғана отбасымды далаға алып шықты, – дейді ол.

Валера күшті жарылыстарды естігенін де айтты. «Балалар қатты қорқып, сойған торайша шыңғырды» дейді ол балабақша жасындағы үш жиенін көрсетіп.

«ҚЫДЫР АТА» ЖӘНЕ «ӘРУАҚТЫҢ ҚҰДІРЕТІ»

Жергілікті жұрт «Қыдыр ата» деп атайтын емші Жанарыс Еңсепов те – Еңбекші көшесінің тұрғыны. Ем алуға келген жұртты да өз үйінде қабылдайды. Маусымның 23-і күні ақпарат агенттіктерінің бірі «Қарулы топ бірнеше адамды кепілдікке алған. Олардың қатарында емші Қыдыр ата да бар» деген ақпарат таратқан еді.
"Қыдыр атадан" ем алмақшы болып, кезек күтіп отырған адамдар. Ақтөбе, 25 маусым 2012 жыл.
"Қыдыр атадан" ем алмақшы болып, кезек күтіп отырған адамдар. Ақтөбе, 25 маусым 2012 жыл.

– Қыдыр ата – дін-аман. Әдеттегідей ем жүргізіп жатыр, – деді өзін «Арманмын» деп таныстырған жас жігіт.

Ол Азаттық тілшісін емшіге өткізбей қойды.

Аты-жөнін атамауды жөн санаған тағы бір емделуші «қарулы үш жігіт металл қабылдайтын пункттен бұрын Қыдыр атаның үйіне кіріп келген» деді.

Ал «Қыдыр ата» аталып кеткен Жанарыс Еңсеповтің «шапағатын көріп, ішімдікті қойып кеткен» жас жігіт:

– Жұрт дүрлігіп кетті. Сол сәтте олар (үш жігіт) емшіге кіре алмай, келген беттерімен кері қашты. Соңдарынан полиция қуып келе жатса керек. Ентігіп тұрды. Олар басқа бір жерде болса, адамдарға зардабын тигізер еді. Ол жігіттерді тоқтатып, кері қайтарған – әруақтың құдыреті, – деді.

Бұл мақала Азаттық тілшісі Нұртай Лақанның қатысуымен әзірленді.
XS
SM
MD
LG