Accessibility links

Журналист: Нақақтан күюді өз басыңнан өткізу бір басқа екен


Дария Ерғазина, «Отарка» газетінің журналисі. Екібастұз, маусым, 2012 жыл.
Дария Ерғазина, «Отарка» газетінің журналисі. Екібастұз, маусым, 2012 жыл.
Екібастұздың «Отарка» мемлекеттік газетінде істейтін журналист Дария Ерғазина елде коррупцияның кең етек жайғанын «балам нақақ істі болғанда ғана білдім» дейді.

Азаттық радиосына сұхбат берген әріптесіміз, Екібастұз қалалық «Отарка» газетінде істейтін журналист Дария Ерғазина отбасындағы қиын жағдайды айтып, кәсіби көзқарасы мен ішкі дүниесінің қалай өзгергенін баяндап берді. Оның айтуынша, ұлы Айдарәліге жала жабылған екен. Ол пара беруден бас тартқан. Түрмеге қамалған баласы үшін әділдік іздеген журналист қазір облыстық сотқа жүгінген.

Мемлекеттік шағын газетте істейтін журналист коррупция құрбандары болған адамдардан жылап-еңіреген хаттар редакцияға келіп жатса да, «сыбайлас жемқорлықтың расында да қасіретке айналғанын» білмегенін, қырық жасқа келгенде барып «елде әділдік жоқ екенін» түсінгенін айтады.

Алайда Дария Ерғазина мемлекеттік газетте істеп жатқандықтан коррупция мәселесін ашып жаза алмайтынын, «ел соттары әділ» деген сарында мақала жазуға міндетті екенін мойындайды.

«ПАРА СҰРАҒАН ТЕРГЕУШІНІ ҰСТАП БЕРМЕДІМ»

– Дария ханым, балаңызға «нақақ жала жабылып», қылмыскерге айналғаны сіздің кәсіби деңгейіңізге де әсер еткенін айтасыз. Мәселенің мән-жайын қысқаша баяндап беріңізші. Балаңыз сотталмай тұрып коррупцияның бар екенін шынында да білмедіңіз бе?

– Мен – Екібастұз қаласының байырғы тұрғынымын. 1988 жылы Екібастұздағы №2 қазақ мектебін бітіргенмін. Қазір бес баланың анасымын. Жолдасым – мұғалім. Басқа жақты білмеймін, біздің Екібастұз қаласындағы құқық қорғау саласының үстінен газетімізге «Баламды нақақтан соттап жатыр», «Баламның үстінен нақақтан қылмыстық іс қозғады» деп жиі шағым жасап келетін. Бірақ сырттай көру бір басқа да, өзіңнің басыңнан өткізу бір басқа екен.

18 жасар үлкен балам, ұлым Айдарәлі, компьютер саласымен айналысады. Өткен жылдың шілде айында өзі компьютер құрастырып, оны бір балаға сатқан, бірақ ақшасын алмаған болатын. Тамыз айында Астанаға қыдыруға жол жүріп бара жатқан сәтте әлгі бала ұлыма «Ақшаңды алып кет» депті. Балам жолдастарымен оған барған екен, «Менде қазір ақша жоқ, сен ноутбугімді ала тұр» дейді. Балам оның ноутбугін алады да, достарына қалдырып кетеді. Астанадан келгеннен кейін осы іс бойынша баламның үстінен 178-статья 2-бөлімі «А», «Б», «Г» тармақтары бойынша қылмыстық іс қозғады... Кейін білсек, бұл ауыр қылмыстардың қатарына жатады екен.

– Бұл баптың мәні қандай? Не деп аталады?

– Бұл бап бойынша оған "қылмысты алдын ала ойластырған және қасақана қылмысқа барған, біреудің мүлкін рұқсатсыз алған (ұрлаған)" деген айыптар тағылып отыр. Басында біз мән берген жоқ едік. Кейін олардың айтуынша, аталған тармақтар бойынша балам 7 жылдан 10 жылға дейін сотталады екен. Іс ақыры төменгі сотта қаралып, балама төрт жылға құқығын шектеу үкімін шығарды. Қамамады - бостандықта, бақылау астында жүр. Бірақ бұған көніп отырған мен жоқ, баламның таза екенін дәлелдеумен келемін.

– Оған дейін балаңыздың қылмыс жасаған-жасамағаны анықталып, ақталады деп ойладыңыз ба?

– Иә, солай деп ойладым. Себебі мұндай жағдай басымызда бірінші рет болып отыр. Оның үстіне құқық қорғау органдары менің баламның кінәсіздігін анықтап, ақ-қарасын айырады деп сендім.

– Сіз Екібастұздағы қалалық газетте істейсіз. Түрлі заңсыздықтар жайлы хаттар келіп жатады. Сол хаттарды оқып, мақалалар дайындағанда «Қазақстанның құқық қорғау саласында шикілік бар-ау» деп ойламадыңыз ба? Жеке басыңызда күмән болмады ма?

– Біз әкімдікке қараймыз. Сондықтан мұндай хаттарды сирек жариялайтынбыз. Шындығында тергеу процесі жүріп жатқан кезде ешқандай хатты жарияламайтынбыз. Тек соттың үкімі шыққаннан кейін ғана оның тігісін жатқызып барып жариялайтынбыз. Шыны керек, мен мұндай нәрсеге тереңдеп үңіліп көрмеппін. Қырық жасқа келгенше құқық қорғау саласына деген сенімім зор бопты.

– Сіздер балаларыңыз сотталады деп жүгірдіңіздер. Сонда заңға жүгіндіңіздер ме, әлде басқаша, бейресми әрекетке барып көрдіңіздер ме?

– Алдында тергеуші «бұл ауыр статья» дегенде сенген жоқпын. Мені қорқытқысы келген шығар деп ойлағам. Сонан соң бұл неғылған статья деп жалма-жан ғаламторды ашып қарадым... Расында да өте ауыр статья екен. Содан кейін ішкі істер бөліміне, прокуратураға «осындай-осындай куәгерлерді табыңыздар, олардан түсініктеме алыңыздар» деп хат жаздым. Содан тергеушіге «Сіз ана куәгерлерді шақырып түсініктеме алыңызшы.
Қырық жасқа келгенше құқық қорғау саласына деген сенімім зор бопты.

Олар шындығын айтады, менің баламның кінәсіздігін дәлелдеп береді» деген едім, тергеуші маған «Куәгерлерді шақырамын, егер сіз маған...» деп, өзінің ұялы телефонына «3 мың доллар» деген жазуды жазып «...осыны әкеп берсеңіз» дегенде мен есеңгіреп қалдым. «Сіз әзілдеп тұрған жоқсыз ба?» деп едім, «Жоқ, әзілдеп тұрған жоқпын» деді. «Ұлыңыздың қасында тағы екі бала болған, бұларды ұйымдасып қылмыс жасады деп отыр екен. Сіз несіне уайымдап тұрсыз? Әрқайсысы 100 мың теңгеден берсе болды емес пе» деді тергеуші маған. Мен оған «Сізге 100 мың теңге ақша емес шығар. Ал менің бес балам бар, жолдасым мұғалім. Біз үшін 100 мың теңге - көп ақша» дедім. Тергеуші менен «Оның жанындағы балалардың жағдайы қандай?» деп сұрады. «Нандарын әзер тауып жеп отыр» дедім.

- Тергеуші не деді? Жарайды үш мың емес одан азырақ болсын деп пара мөлшерін түсірді ме?

– Жо-жоқ. Түсірмеді. «Сіз қанша бере аласыз?» деді. Мен «андағыға шамам келмейді» деп едім, бұрылды да кетіп қалды.

– Одан кейін не істедіңіз?

- Ішкі істер министрлігінің сенім телефонына хабарласып, жағдайымды айттым. Тергеу бөлімі бастығының аты-жөнін айттым. Ертеңінде облыс орталығынан қауіпсіздік қызметінен кісілер келіп, арызымды жазғызып алды да: «Біз прокуратурадан рұқсат алып, біраз күннен кейін тыңдағыш құралын және ақша, «меченый ақша» алып келеміз. Сіз соны алып кіресіз де, тергеушіге бересіз , - деді. Мен оларға: «Ол жерде тексеріп өткізеді. Егер тауып алса қайтем» деп сұрадым.
Олардың айтқанына көнбедім, пара сұраған тергеушіні ұстап бермей қойдым. Ақыл айтқан адамдар да кішкентай қалада тұрамыз, ұят болады деді.

Содан кейін олардан: «Жарайды, ұсталған күнде оған қандай жаза қолданылады?» деп сұрап едім, «7 жылдан 10 жылға дейін кетеді» деді. «Маған қандай көмек болады?» деп едім, «Сізге ешқандай көмек болмайды» деді.
«Онда біреуді ұстап беріп қайтем, сіздер маған осы кісіні ұстап бергеннен кейін менің баламның шығатынына кепілдік беріңіздер» дедім. «Жоқ, кепілдік бере алмаймыз» деді. Сөйтіп олардың айтқанына көнбедім, пара сұраған тергеушіні ұстап бермей қойдым. Ақыл айтқан адамдар да «кішкентай қалада тұрамыз, ұят болады, ұстап берме» деді.

- Дария, сіз неге қылмыстың алдын алмайсыз? Неге шенеунікті аядыңыз? Бүгін сізді жылатқаны рас болса, ертең тағы біреуді жылатады ғой.

– Аядым. Бірақ ұлымның ісі сотқа жеткенде, ұлым істі боп жаза тағайындалғанда сол ісіме қатты өкіндім.

– Неге аядыңыз?

– Менің ұлым бәрібір күндердің күнінде ақталып шығады. Ал ол тергеуші ақталып шыға алмайды. Сондықтан да мен оны емес, артындағы бала-шағасын аядым... Ертең Екібастұзда әрбір адам менің көзімді шұқып «Мына әйел тап-тамаша азаматтың түбіне жетті» дер еді. Мен оған жүз пайыз кепілдік бере аламын. Маған сол сөз ауыр болар еді.

СЕРГЕЛДЕҢНЕН ТУҒАН СІЛКІНІС

- Дария ханым, сіз қырық жасқа келгенге дейін осындай әділетсіздік болатынын ойламаппын деп отырсыз. Ал енді елде коррупцияның шектен шығып кеткенін журналист ретінде жаза аласыз ба? Кәсіби қызметіңізде өзгеріс бар ма?

– Қайдан. «Әділ соттың үкімі, қылмыскер жазасын алды» деген сарында мақала жазу жалғасып жатыр ғой. Егер аққа құдай жақ болып, іс әділ шешілсе, мен бұл мәселені басқа қырынан көтергім келеді. Өйткені 10 ай сергелдеңде жүріп көп нәрсеге көзім жетті.
«Әділ соттың үкімі, қылмыскер жазасын алды» деген сарында мақала жазу жалғасып жатыр ғой.

Мәселен, «адвокаттың міндеті» деген нәрсені анықтай алмадым. Біздегі адвокаттар ақшаңды алғанымен ісіңді нақты шешіп бере алмайды. Мәселен, тергеушіні прокуратураға жазып, жазалатуыңа болады. Судьяның шешімімен келіспесең, жоғарғы сотқа дейін арыздана аласың. Ал алдап кеткен адвокаттың үстінен кімге шағым айтасың?!

– Осы келеңсіз жайттарды, құқық қорғау саласындағы коррупцияны неге өз газетіңізде жазбайсыз? Не кедергі болып тұр? Осы оқиғаларды мемлекетік газеттерде істейтін журналистер неге ашып жазбайды?

– Біріншіден, бұл біздің мемлекеттік газетте істегендігімізден шығар. Екіншіден, Қазақстанда журналистердің жеке басының қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген. Үшіншіден, бұл тақырыпты өткізбейді. Біздің қоғамда тамыр-таныстық белең алып кеткен. Мәселен, біздің істі тергеген тергеуші мен судья бір-бірімен таныс екенін көрдім. Бірақ мен бұл мәселелерді өз газетімде жаза алмаймын.

- Дария ханым, әңгімеңізге көп рахмет. Аман болыңыз!
XS
SM
MD
LG