Accessibility links

Обама: Ливиядағы сайлау - тарихи бетбұрыс


Ливиялық дауыс беруші. Бенгази, 7 шілде 2012 жыл
Ливиялық дауыс беруші. Бенгази, 7 шілде 2012 жыл
7 шілде күні Ливияда соңғы ондаған жылдар бойы бірінші рет өткен ашық, демократиялық парламент сайлауына қатысты шет ел басшылары пікірлерін білдіре бастады. АҚШ президенті Барак Обама ливиялықтарды осы оқиғаға байланысты құттықтап, елдің демократиялық режимге өту кезеңінде тарихи бетбұрыс жасалғанын атап өтті.

Ливиядағы үш миллионға жуық сайлау құқығы бар адамға 2 600 кандидатқа дауыс беру мүмкіндігі туды. Сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, 200 орындық парламент мүшелерін сайлау кезінде дауыс берушілердің 60 пайызы бой көрсеткен.

Египет пен Тунистегі сияқты Ливиядағы исламшылдар да қалыптасқан саяси ахуалды өз мүдделері үшін пайдаланып қалуға тырысып жатыр. Бұл діни топтарды Муаммар Каддафидің зайырлы режимі ұзақ уақыт бойы қуғындап келген болатын.

Толқу әлі басылмаған елдің шығыс бөлігінде дауыс беру кезінде туған жанжал кезінде бір адам өліп, екі адам жараланды деп хабарланды. Мұнайға бай Шығыс Ливияның кейбір тұрғындары сайлауға бойкот жариялады. Олар өз аймағынан парламентке жеткілікті депутат сайланбай қалады деп қауіптенеді. Ал осы аймақтың Адждабия қаласындағы 19 сайлау жәшігінің 14-і өртеніп кеткен.

Ливиядағы бұған дейінгі ең соңғы парламент сайлауы Каддафидің әскери төңкерісінен бес жыл бұрын 1964 жылы өткен еді.
XS
SM
MD
LG