Accessibility links

Менің Мұхтарым


Сурет салып тұрған қазақ бала. Көрнекі фото
Сурет салып тұрған қазақ бала. Көрнекі фото
Қазақта Мұхтар аз емес. Солардың дені талантты, қайсар, қатарынан көш ілгері туғандар...

Мұхтар Әуезов – қазақтың әдебиетін әлемге танытқан тұлға. Біртуар, толағай талант, дарабоз. Атақ-даңқы жер жарғанымен, өмір-бақи саяси жүйенің қас-қабағына қараған, арнайы бөлімдердің қырағы назарынан тыс қалмаған, адами тағдыры аса аянышты пенде.

Советтің кезінде тағдырың қосқан орыстың қызын «сүймедім» деп айту – өзіңе өлім үкімін шығарумен бірдей. Бәлки, кім біледі, дара Мұқаң бәйбішесіне сүйіп қосылды-ақ дейік. Бірақ «Абай жолындағы» қазақтың періштедей қыздарының сұлулығы мен қылығын – қазақтың табиғатын терең түсініп, ұлтын жан-жүрегімен сүймейтін адам бұлайша ғажап етіп жаза алмайды.

Мұхтар Шаханов – өлеңі де, өмірі де бұрқасындатып, борап соққан дауыл. Абырой-беделден де ада емес. Қызмет көргенімен қадірін жоғалтпады, лауазым дәмін татқанымен «ләппәй, тақсыр» бола алмады.

Қазақтың Желтоқсандағы жаужүрек жастарын Кремльдің мінберінен қорғап, шырылдап, жүрегіне ота жасатты. Қазақтың аяқасты болған ана тіліне Ақордада араша түсіп, бұйырған пәтерінен айырылды, күн сайын «күстаналанды».

Мұхтар Мағауин – күллі ғұмырын қазақтың тарихы мен тіліне, әдебиеті мен сөзіне арнады. Кеңестен көрмеген құқайы қалмады, бірақ еркін қазақтың да маңдайына сыймады. Жалғыз сырласы – «Жұлдыз» журналын шенеуніктер көкпарша тартқылап, тартып алды. «Алашым» деген арысың көкірегі қарс айырылып, жат ел, бөгде жұртқа – Еуропа топырағындағы Прага қаласына кетіп қалды.

Мұхтар Жәкішев – матема­тикалық есептерді пісте шаққандай лезде шешіп тастайтын алғыр жігіт. Қаланың асфальтында өссе де, өресі кең, ұлтшылдығы басым, білім-білігі терең азамат. Сорына қарай, Рахат Әлиевтей әкелерінің көмегімен ғана күн көрген әлжуазбен сыныптас болыпты.

Қазір қиянат шегіп, қапасқа қамалған көпбалалы әке. Қазақтың атомын қызғыштай қорғап, өнеркәсібін әлемде бірінші орынға шығарғаны үшін «күнәға» батты. Орыстың орманынан шыққан опасыздықтың құрбанына айналған сияқты. Тағыңды да, таңыңды да талғамайтын тарпаң тарих бұл Мұқаңның ерте ме-кеш пе кінәсіздігін дәлелдеп, еңбегін ескереді.

Мұхтар Әблязов – қазақтың 90-жылдары кәсіпкерлікпен айналысып, айналасын жайпаған ұятсыз шенеуніктерімен ебін тауып, екі асаған пысықай бизнесмен. Қыза-қыза келгенде, министр лауазымына дейін қарпыды. Жалғыз жұтып жей бермей, моншаға түсіп, саунада сайрандаған әріптестері – бизнесмен жігіттердің біразын құлағынан сүйреп, мемлекет басшысына апарып, бір-бір жуан портфельдер бергізді.

Әйткенмен саясат дегеніміз бизнестегідей тұтынушыны алдап, алпыс есе пайда табу емес. Саясат – беті таза, түбі қоқыс тұңғиық! Мұхтардың менмендігі басым мәскеулік білімін – «шығыстың нәзік сыпайылығы» атынан аударып, айдалаға тастап кетті.

Мұхтар Ғабдолла – бұл менің өрімдей жас ортаншы ұлым. Оралдың сауатсыз бір дәрігері басқа диагноз қойып, теріс укол салып, мүгедек қылып қойды.

Тағы да қазақтың ежелгі көнбіс­тігіне салып: «Тағдырдың ісі шы­ғар?!» деп, жылы жауып, жыл сайын жазда Қытайға емделуге келеміз.

Менің Мұхтар балапаным, Әуезов пен Мағауин аталарындай әдемі сөйлей алмайды; Шаханов атасындай айқайлап өлең оқи алмайды; Әблязов көкесіндей “ауадан ақша жасай” алмайды; Жәкішев көкесіндей шытырман есептерді шеше алмайды.

Менің балапанымның сөйлегісі-ақ келеді, сайрағысы-ақ келеді, қатар құрбыларымен көше кезіп, "қаңғығысы-ақ" келеді.

Менің Жаратқан Иемізден жалғыз сұрар тілегім: менің Мұхтарыма аттас аталары мен көкелерінің тағдырларын емес, таланты мен талабын, жігері мен қайратын бұйыртсын!!!
XS
SM
MD
LG