Accessibility links

Египет соты: Парламенттің таратылуы - заңды


Египет президенті Мохаммед Мурси.

Египет президенті Мохаммед Мурси.

Египеттің конституциялық соты парламентті тарату туралы бұған дейін шыққан шешімді күшінде қалдырды. Бұдан екі күн бұрын елдің жаңа сайланған президенті Мохаммед Мурси жоғарғы әскери кеңес таратып жіберген парламентті қайта шақыру туралы жарлық шығарған еді.

Парламенттің таратылуы әскерилер мен Мохаммед Мурсидің арасында жаңа бір саяси алауыздық пайда болғанын көрсетеді. Мурси өткен жексенбіде "депутаттар жаңа конституция қабылданған соң 60 күннен кейін болатын парламент сайлауына дейін жұмыс істеуі тиіс" деп, парламенттің отырысын 10 маусымға белгілеген.

Өткен айда конституциялық сот осыдан жарты жыл бұрын сайланған парламентті заңсыз деп таныған. Оны сол кезде елді уақытша басқарған қарулы күштердің жоғарғы кеңесі қолдап, парламентті таратып жіберген.

Жоғарғы әскери кеңес Мурсиді заңды құрметтеуге шақырып, мәлімдеме жасады. Бірақ ол мәлімдеме парламенттегі орынның көпшілігін иеленіп отырған исламшылардың наразылығын тудырды. Себебі исламшылар "жоғарғы әскери кеңес жаңа конституция қабылданғанға дейін заң шығару билігін өзіне қалдырып, президентке тек атқарушы билікті ғана берді" деп санайды.

Бүгін Египеттің конституциялық соты Мурсидің парламентті қайта шақыру туралы жарлығының қаншалықты заңды екенін қарайды.
XS
SM
MD
LG