Accessibility links

Малиде исламшылдар тағы екі діни ескерткішті қиратты


Исламшыл топ мүшелерінің тарихи діни ескерткішті қиратып жатқан сәті. Тимбукту, Мали, 1 шілде 2012 жыл.

Исламшыл топ мүшелерінің тарихи діни ескерткішті қиратып жатқан сәті. Тимбукту, Мали, 1 шілде 2012 жыл.

Малидің солтүстігіндегі Тимбукту қаласында исламшыл экстремистік "Ансар ад-дин" тобының өкілдері жеті жыл бұрын салынған екі мазарды қиратып тастады.

Исламшыл содырлар "құдайдың әмірін орындау үшін биіктігі жерден 20 сантиметрден асатын кез-келген мазарды қирататынын" айтады. Топ өкілі Тимбукту тұрғындарының "құдайға сыйынудың орнына мазарларға табынатынын" айтады.

Осыдан он шақты күн бұрын "Әл-Қаидамен" байланысы бар салафилік "Ансар ад-дин" тобының жауынгерлері жергілікті халық қасиетті деп санайтын, сопылық ағымның екі өкілінің мазарын қиратып тастаған еді.

Тимбуктудегі сопылық мазарлар ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұралары қатарына кірген. "Ансар ад-дин" тобы сопы ғалымдарына тұрғызылған мазарларды "исламға жат" деп санайды.

Халықаралық қылмыстық сот "мәдени және тарихи ескерткіштерді қирату әскери қылмыс болып саналуы мүмкін екенін" ескертті.
XS
SM
MD
LG