Accessibility links

Ресейде ақпарат құралдарын да "шетел агенті" деп жариялауы мүмкін


Мемлекеттік дума депутаты Илья Пономарев.

Мемлекеттік дума депутаты Илья Пономарев.

Ресей мемлекеттік думасының күзгі сессиясында шетелден қаржы алатын бұқаралық ақпарат құралдарына (БАҚ) да "шетел агенті" деген мәртебе беру мәселесі қаралуы мүмкін. Бұл туралы "Известия" газетіне биліктегі "Единая Россия" партиясынан сайланған депутаттар Илья Костунов пен Владимир Бурматов айтты.

"Бірқатар ақпарат құралдарына шетелден қаржылай көмек көрсетіледі және олар шет мемлекеттердің тірегі болып саналады" деді депутат Костунов басылымға. Ол БАҚ туралы заңға түзетулер қосқанда "шетел агенті" деген арнайы ұғым енгізу қажет дейді.

Бурматовтың айтуынша, егер ақпарат құралына шетелден түсетін қаржы бюджетінің 10 пайызын құраса, онда оларды "шетел агенттерінің" қатарына қосу қажет емес. "Ал егер 50 пайыздан асса, онда "шетелдік меценаттар" редакцияның саясатын бақылауда ұстайды деген сөз" дейді депутат.

"Справедливая Россия" партиясының депутаты Илья Пономарев мұндай заңның қабылдануы ақылға қонымды екенін, бірақ биліктің ойланбай істеген әрекеті болатынын айтады. "Себебі қосымша шектеулер қоғамда теріс көзқарас қалыптастырып, тіпті жанжал тудыруы да мүмкін" деді Пономарев.

Мемлекеттік дума өткен аптада шетелден қаржы алып, саясатқа араласатын үкіметтік емес ұйымдарды "шетел агенті" деп жариялайтын заң жобасын мақұлдаған. Жобаны 18 шілдеде парламенттің жоғарғы палатасы қарауы тиіс. Заң қабылданса, енді ондай ұйымдардың қызметі қатаң бақылауға алынуы мүмкін.
XS
SM
MD
LG