Accessibility links

Хизб ут-Тахрир Қазақстанда бой көрсете бастады


Тәжікстандық Хизб ут-Тахрир ұйымының журналы. 3 қазан 2010 жыл

Тәжікстандық Хизб ут-Тахрир ұйымының журналы. 3 қазан 2010 жыл

Jamestown шілденің 17-і күні Қырғызстан мен Өзбекстанда діни себеппен ұсталған Қазақстан азаматтары жайлы ақпарат жариялады. Қордың сарапшылары Қазақстанның өзінде «Хизб ут-Тахир» ұйымының жұмысы қайтадан жанданып жатыр деп тұжырымдайды.

Jamestown ұйымының зерттеуінше, маусымның 28-і күні Қырғызстанның мемлекеттік қауіпсіздік коммитеті «экстремистік идеяларды таратып жүр» деген күдікпен қазақстандық екі азамат қамауға алынған. Олардан бөлек Бішкектегі ұйымға «әйел адамдарды тартумен айналысатын» олардың тағы бір сыбайласы тұтқындалан. Қауіпсіздік қызметкерлері олардың тұратын үйін тексергенде «джихадқа үндейтін әдебиеттер мен жарылғыш заттың бөлшектері табылған». Қылмыскерлер енді Қырғызстан сотының 299-бабы бойынша, «ұлтаралық және дінаралық араздық туғызған» деген айыппен сотталуы мүмкін.

Шілденің 4-і күні Ташкенттің аудандық сотында Қазақстан азаматы Ермек Қосмағамбетовтың соты басталды. Ол 2012 жылдың наурызында Өзбекстан шекарасынан өткенде «нетбугі арқылы діни сипаттағы құпия материалдарды жасырын алып өтпекші болды» деген күдікпен ұсталған. Қазақстан азаматын Өзбекстанның қылмыстық кодексіне сәйкес 246-баппен соттауы мүмкін.

«ҰҚСАСТЫҚ»

Мақала авторының ойынша, шетелде тұтқындалған қазақ азаматтарының іс-әрекеті Хизб ут-Тахрир экстремистік ұйымының дін тарату тәсіліне ұқсас. Хизбут-тахрир ұйымның мүшелері де әр түрлі үнпарақтар мен АҚШ пен Израильді сынайтын және мұсылман елдеріндегі зайырлы үкіметті құлатып, әлемде Ислам халифатын құру идеясын уағыздайтын видео материалдарды таратумен айналысады. Бұл ұйымның мүшелері де қауіпсіздік қызметкерлерінің күдігін туғызбас үшін ұйымға әйел адамдарды көптеп тартумен айналысады. Оның үстіне әйелдер ерлерге қарағанда ұйымға туыс, бауырларын көбірек тартады деп санайды.
Хизб ут-Тахири мүшелері деген айыппен сотталған қырғыз әйел. Ош, 26 қараша 2008 жыл

Хизб ут-Тахири мүшелері деген айыппен сотталған қырғыз әйел. Ош, 26 қараша 2008 жыл


Ұйым қазақстандық БАҚ-қа сілтеме жасай отырып, Қазақстан соты бұл экстремистік ұйымға 2005 жылы тыйым салғанын, ұйым мүшелерінің көбі райларынан қайтып, үкімет тарапынан рақымшылыққа ілінгенін, Пәкістанда діни білім алған қазақстандық жастардың біразы сол жақта Хизб ут-Тахрир ұйымына мүше болып, елдеріне оралмағанын жазады.

Бірақ соңғы ұсталған азаматтардың әрекетіне қарағанда бұл ұйымның қызметі біржола тоқтамаған сияқты деп пайымдайды.

«АЛМАТЫДАҒЫ АСТЫРТЫН ӘРЕКЕТ»

Jamestown Хизб ут-Тахрир ұйымының жұмысы Алматыда жасырын түрде жалғасып жатыр деп топшылайды. БҰҰ-ның есірткі мен қылмыс басқармасы мамандарының наурызда жасаған баяндамасында «Қазақстан үкіметі оңтүстік шекара арқылы өтетін 75 тонна героиннің 1 пайызына ғана тосқауыл қоя алады. Олай болса Хизб ут-Тахрир мүшелері де өздерінің қауіпті діни материалдарын елге қиындықсыз алып өтеді» деп мәлімдеген.

Мақалада Қырғызстанда белсенді әрекет ететін бұл экстремистік ұйымның Қазақстандағы құпия ұйымдармен астыртын байланыс жасайтыны жайында да мәліметтер берілген.

Jamestown сарапшылары Қырғызстанның солтүстік аймақтарында Хизб ут-Тахрир ұйымының қайтадан күш алып, белсенді әрекетке көшкені жайлы жан-жақты деректер берген. Әр түрлі болжамдар бойынша олардың саны 10 мыңнан 100 мыңға дейін жетеді деп айтылады. Экстремистік ұйымның күшею себептерін зерттегенде Қырғызстанның діни сарапшылары «Үкімет шетелде діни білім алып келген салафи ағымының имамдарының әрекетіне жеткілікті дәрежеде тосқауыл қоя алмады» деп шағымданған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG