Accessibility links

Телефон тыңдаудан Қазақстан Ресейден қалыспайды


Владимир Рыжков (сол жақта) пен Сергей Удальцов.
Владимир Рыжков (сол жақта) пен Сергей Удальцов.
Ресейде жеке адамдардың телефон әңгімелерін таспаға жазу және хат-хабарларын оқу жиі байқала бастады. Қауіпсіздік қызметтерінің өз арасындағы бәсекелестік те бұл үрдісті күшейтіп жіберген.

Ресейдің жоғарғы соты әділет департаментінің мәліметтеріне қарағанда, 2007 жылы 265 мың адамның телефон әңгімесін тыңдауға санкция берілсе, 2011 жылы бұл көрсеткіш 466 мыңға дейін өскен.

КҮШТІК ҚҰРЫЛЫМДАР АРАСЫНДАҒЫ ДҮРДАРАЗДЫҚ

Бұл – заңды түрде тыңдауға рұқсат берілгендері ғана. Сарапшылардың айтуынша, заңсыз түрде жасырын «диктофонға» қосылған телефондар саны бұдан бірнеше есе көп. Бұл әдіс оппозицияның құпияларын біліп, оларды бөлшектеу мақсатында пайдаланылған. Ресейде «телефон тыңдау» үрдісінің белең алуына қауіпсіздік қызметтері арасындағы дүрдараздық пен бәсеке әсер еткен.
Депутат Геннадий Гудков Ресей мемлекеттік думасының жиналысында ойланып отыр. Мәскеу, 22 маусым 2012 жыл.
Депутат Геннадий Гудков Ресей мемлекеттік думасының жиналысында ойланып отыр. Мәскеу, 22 маусым 2012 жыл.

Белгілі саясаткер Владимир Рыжков Ресей қауіпсіздік қызметінің жіті назарына іліккенін айтады. Кремльге қарсы наразылық үдеп тұрған қаңтарда ол оппозицияшыл саясаткер, дума депутаты Геннадий Гудковпен Мәскеу орталығындағы бір кафеде кездесуге телефон арқылы уағдаласады. Олар өзара араз оппозицияшыл тұлғалардан іргені аулақ салу мәселесін талқыламақ болған.

ЛЕЗДЕ ЖАРИЯ БОЛҒАН ВИДЕО

Кейін екеуара әңгімелері бейнетаспаға жазылғаны белгілі болды. Ал екеуінің дәл осы кафеде, осы үстел басында, осы мезгілде тоқайласатынын әлдекімдер біліп, алдын ала қам жасаған. Ыңғайсыздау бейнетаспаны билікшіл Life News вебсайты жарыққа шығарып жіберді.

- Гудков екеуміз телефонмен уағдаласқанда кездесетін орынды нақты айтқан жоқпыз, тек «өткен жолғы жерде кездесейік» деп келістік. Демек бұл - біздің әңгімеміз тұрақты түрде тыңдалады деген сөз, - деді Рыжков.
Кездесетін орынды нақты айтқан жоқпыз, «өткен жолғы жерде кездесейік» деп келістік. Демек бұл - біздің әңгімеміз тұрақты түрде тыңдалады деген сөз.
Владимир Рыжков.

Соңғы кездері Ресейде билікті жақтайтын веб-сайттар мен басылымдар оппозиция өкілдерінің құпиясын жайып салатын түрлі формадағы компроматтарды жаппай жариялай бастады. Сарапшылардың айтуынша, мұның артында жұрт алдында қарсыластарының абыройын төгіп, беделін түсіруді, арасына сына қағуды көздеген өкімет өкілдері тұр. Олардың бұл ниетін жүзеге асыруына арнайы органдар қолдау көрсетіп отыр.

«КОМПРОМАТ ЖИНАУ» НАУҚАНЫ

Таспаға жазу технологиясының қарыштап дамуы және «прослушкаға» рұқсат алудағы бюрократиялық кедергілердің азаюы арқасында Ресейдің қауіпсіздік мекемелері бір-бірін «аңдуға» көшкен.
Нью-Йорк университетінің профессоры Марк Галеотти. Прага, 5 қаңтар 2012 жыл.
Нью-Йорк университетінің профессоры Марк Галеотти. Прага, 5 қаңтар 2012 жыл.

Нью-Йорк университетінің профессоры, Ресейдегі қауіпсіздік қызметі бойынша сарапшы Марк Галеоттидің айтуынша, түрлі ведомостволардың (ішкі істер министрлігі, федералдық қауіпсіздік қызметі, мемлекеттік барлау басқармасы және тергеу комитеті) арасындағы өкілеттікті, бюджетті бөлісудегі келіспеушіліктер, Кремльге ықпал ету жолындағы күрес ақыр аяғы олардың бір-біріне қарсы компромат жинауына әкеліп соқтырған.

ӘЛИЕВТІҢ «МҰРАСЫ»

Қазақстанда телефон әңгімелерін тыңдау туралы сөз бола қалса, Интернетте 2007-2008 жылдары жарық көрген билік басындағы лауазымды тұлғалардікі делінген әңгімелер және оларды жариялаған ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, президенттің бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев еске түседі.

Бұл аудиотаспаларда президент Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап Бауыржан Мұхамеджанов, Владимир Ни, Иманғали Тасмағамбетов, Қанат Саудабаев сияқты түрлі лауазымды тұлғалардікіне ұқсас дауыстар әр түрлі тақырыпта сөз қозғайды.
Нұрсұлтан Назарбаев құлағына тыңдайтын құрылғы киіп отыр. 3 желтоқсан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Нұрсұлтан Назарбаев құлағына тыңдайтын құрылғы киіп отыр. 3 желтоқсан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Рахат Әлиев қуғынға ұшыраған тұста, 2007 жылғы тамыз айында ҰҚК арнайы ақпарат қызметінің (ААҚ) ондаған қызметкері тұтқындалғаны мәлім болды. Ал осы мекеменің алғашқы директоры генерал Жомарт Мажренов кейін түрмеде жұмбақ жағдайда қаза тапты.

Азаттыққа берген сұхбатында Рахат Әлиевтің өзі совет кезеңінен қалған ескі тыңдаушы құрылғыларды израильдік құралдармен жаңарту операциясының басы-қасында болғанын, бұл үшін Мәскеуге барып, олардың тәжірибесімен танысып қайтқанын айтқан. Әлиевтің сөзінше, мұның барлығы президент Назарбаевтың тікелей қадағалауымен жүзеге асырылған. Израильдің «Инфосиз» фирмасының компьютерлік техникасына 5 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсалғанын да айтқан.

«АДАМДАРДЫҢ ЖЕКЕ ӨМІРІНЕ ҚОЛ СҰҒУ – ҮЛКЕН ҚЫЛМЫС»

Ақпарат құралдары арнайы қызмет органын Рахат Әлиевтің адамдарынан «тазарту» шарасы жүргізіліп жатқанын хабарлады. Алайда таспаға түсірілген жазбаларды интернетте жариялау жалғаса берді. 2008 жылы қарашада бас прокуратура Әлиевтің «телефонды тыңдау арқылы жинадым» деген компроматтарының мәтіндерін жариялаған ақпарат құралдарына қатаң шара қолданамыз деп мәлімдеді. Оларды жариялаған кейбір интернет сайттары жабылып қалды. Бұл жайт ел арасында компроматтарға деген қызығушылықты арттыра түсті.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев. Алматы, 30 мамыр 2007 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев. Алматы, 30 мамыр 2007 жыл.

Сол «телефон тілдесулеріндегі» ақпараттарды ресми түрде жоққа шығарған ешкім болған жоқ. ҰҚК-ның запастағы полковнигі Арат Нарманбетовтың айтуынша, Рахат Әлиевке телефон әңгімелерін заңсыз тыңдағаны үшін де айып тағылуы керек еді. Бірақ оның басқа қылмыстары назарға ілінді де, бұл құқық бұзушылық тасада қалып қойды.

- Шын мәнісінде адамдардың жеке өміріне қол сұғу – үлкен қылмыс. Егер кінәсі дәлелденсе, Рахат Әлиев бұл үшін де жазалануы тиіс, - деді Нарманбетов.

Оның айтуынша, «ұмытылып кеткен әңгімелер қайта жарыққа шығып, жоғары лауазымды шенеуніктердің аттары қайта атала бастайды деп қорыққандықтан, биліктегілер «телефон тыңдау» ісін қозғамай, «жабулы қазан» күйінде қалдырған».
Жоғары лауазымды шенеуніктердің аттары қайта атала бастайды деп қорыққандықтан, биліктегілер «телефон тыңдау» ісін қозғамай, «жабулы қазан» күйінде қалдырды.
Арат Нарманбетов.

2009 жылы наурызда Ақмола облыстық гарнизонының әскери соты «Қазақтелеком» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Серік Бүркітбаев пен оның сегіз әріптесін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Істің жай-жапсары жұртқа жарияланбағандықтан, олардың неден жазықты болғаны белгісіз күйінде қалды. Уикиликс таратқан «деректердегі» болжамдарға сәйкес, Серік Бүркітбаев Рахат Әлиевтің «телефон тыңдау операциясына қатысы бар болғаны» үшін жазаланған.

«ТЕЛЕФОНДАРДЫҢ ЖАППАЙ ТЫҢДАЛАТЫНЫ ЖАҢАӨЗЕН ІСІНЕН БЕЛГІЛІ БОЛДЫ»

Арат Нарманбетов телефон әңгімелерін заңсыз тыңдау «дәстүрінің» қазір де жалғасып жатуы мүмкін екенін айтады.

Ал оппозициялық саясаткер, «Парламентаризм институтын дамыту» қоғамдық қорының жетекшісі Зәуреш Батталованың айтуынша, Қазақстанда телефон әңгімелерін заңсыз тыңдау қазір де әдетке айналған.
"Қазақстандағы парламентаризмді дамыту" қоғамдық қорының президенті Зәуреш Батталова. Алматы, 18 қазан 2010 жыл.
"Қазақстандағы парламентаризмді дамыту" қоғамдық қорының президенті Зәуреш Батталова. Алматы, 18 қазан 2010 жыл.

- Ең алдымен билік бұл құралдарды оппозициямен күресу үшін тергеудің қаруы ретінде пайдаланады, заңсыз телефон әңгімесіне сүйеніп қылмыстық істерді де ашып жатыр. Онымен қоймай, заңсыз түрде жиналған ақпараттың негізінде азаматтарды соттау да үрдіске айналып барады, - деді Зауреш Батталова.

Оның айтуынша, Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деп айыпталғандардың сот процесі кезінде телефон әңгімесін заңсыз тыңдаудың қаншалық белең алғаны айқын белгілі болды.

- Роза Төлетаева және басқа да белсенділердің істерінде телефон әңгімесін тыңдау нәтижесінде алынған ақпарат айыптауға негіз болды, ал бұл заңсыздыққа жол бергендер жауапқа тартылмайды, - деді Зәуреш Батталова.

ВЕДОМСТВОАРАЛЫҚ БӘСЕКЕ ЖӘНЕ КАДРЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР

Ведомствоаралық бәсекенің Қазақстанда да қызу жүріп жатқанынан хабар беретін мысалдар аз емес.
Қазақстан КНБ-сының бұрынғы төрағасы, генерал-полковник Сәт Тоқбақбаев. Алматы, 9 мамыр 2012 жыл.
Қазақстан КНБ-сының бұрынғы төрағасы, генерал-полковник Сәт Тоқбақбаев. Алматы, 9 мамыр 2012 жыл.

2009 жылғы ақпанда қақ-соқпен ісі жоқ саясаткер, бұрынғы қорғаныс министрі, бұрынғы ҰҚК төрағасы, қазіргі мәжіліс депутаты Сәт Тоқпақбаев ҰҚК-ны өзінің телефон әңгімелерін заңсыз тыңдап, жазып алған деп, ал «Арыстан» арнайы жасағын рейдерлікке қатысы бар деп айыптады. Президенттің атына тікелей жолданған депутаттық сауалында Тоқпақбаев Алматыдағы «Тигрохауд» фирмасының басшыларына қатысты істі тергеу барысында ҰҚК қызметкерлері өзімен болған телефон сұхбатының аудиожазбасын дәлел ретінде келтіргенін айтты.

«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, жоғарыда айтылған жайттар сіз бастама етіп көтерген жемқорлықпен күрес жөніндегі ауқымды науқанға көлеңке түсіріп, құқық қорғау органдарының беделін төмендетеді және елдегі жағдайды тұрақсыздандырады» деген Сәт Тоқпақбаев ҰҚК-ның сол кездегі төрағасы Амангелді Шабдарбаевты мәжіліс депутаттарының алдында жауап беруге шақырған.

Бас прокуратура да, ҰҚК де Тоқпақбаевтың телефонын тыңдауға ешқандай санкция берілген жоқ, және бұған құқықтық негіз болған жоқ деп мәлімдеген. Мәжіліс депутатының бұл мәлімдемесі күштік құрылымдардағы кадрлық өзгерістерді жеделдетуді мақсат тұтқан ойынның бір бөлігі деген болжамдарға түрткі болды. Ал Амангелді Шабдарбаев сол жылдың соңында қаржы полициясымен арадағы жанжалға қатысты оқиғадан соң және Мұхтар Жәкішев төңірегіндегі дау-дамай өршіп тұрғанда қызметтен кетті.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, жоғарыда айтылған жайттар... құқық қорғау органдарының беделін төмендетеді және елдегі жағдайды тұрақсыздандырады.
Сәт Тоқбақбаев.

2010 жылдың тамызында Астана қаласы Сарыарқа аудандық соты бас прокуратураның оперативті-іздестіру жұмыстарының заңдылығын қадағалау департаментінің бастығы Мұрат Мұсабековті тұтқындауға санкция берді. Сол кездегі хабарларға қарағанда, оған «лауазымды тұлғалардың телефон әңгімелерін заңсыз тыңдады» деген айып тағылды.

Осы тұтқындаудың қарсаңында ғана ҰҚК-ның басшылығына Нұртай Әбіқаев қайта оралды. Сонда кейбір сарапшылар биліктегі ықпалды екі тұлға Нұртай Әбіқаев пен сол кезде бас прокурор Қайрат Мәмидің арасындағы текетірес туралы әңгіме қозғады. Кейін Қайрат Мәми қауіпсіздік саласынан кетіп, сенатқа төраға болып тағайындалды.

ҚОҒАМДЫҚ ҚАДАҒАЛАУДЫ КҮШЕЙТУ

Қандай да бір адамды аңду мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шпионаж, контрабанда, жаппай тәртіпсіздіктерге дайындық сияқты аса ауыр қылмыстардың алдын алу мақсаты үшін қолданылады, тек прокурордың санкциясымен жүзеге асырылады. «Бұл жоғары технологиялық шараны әлдекімнің заңсыз пайдаланбауы үшін екі нәрсе жүзеге асуы керек» дейді запастағы полковник Арат Нарманбетов.

- Біріншіден, арнайы қызметтің іс-әрекетіне қоғамдық бақылау болуы керек. АҚШ сенатында барлау жөніндегі комитет жұмыс істейді, ол арнайы қызметтің жұмысын жіті қадағалап отырады. Біздің парламентке де құзыреті кең осындай арнайы комитет қажет.

Екіншіден, прокурордың өкілеттілігін кеңейту керек, олар да қалаған уақытта ҰҚК-жұмысына тексеріс жүргізіп отыруға, барлық құжаттарды талап етуге қақылы болуы тиіс, - дейді ол.
XS
SM
MD
LG