Accessibility links

АҚШ шенеунігі Орталық Азия туралы баяндама жасады


АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Роберт Блейк.
АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Роберт Блейк.
АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Роберт Блейк конгресстің сыртқы істер жөніндегі кіші комитетінде Орталық Азия туралы баяндама жасады.

Блейк өз сөзінде АҚШ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың кеңеюінің белгісі ретінде мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтонның екі елдің өзара іс-әрекетін стратегиялық серіктестік дәрежесіне дейін көтергенін айтты.

Қазақстанда жұмыс істеп жатқан көптеген фирмалардың пікіріне сүйенген Блейк, Орталық Азия аймағында ең қолайлы инвестициялық ахуал Қазақстанда қалыптасқан деп мәлімдеді.

«Соңғы 20 жылда америкалық компаниялар Қазақстанға 16,5 миллиард доллардан астам инвестиция салған» деді Блейк.

Блейк сөзінде FedEx, Boeing, GE компанияларының Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатқанын айтты. Сонымен бірге ол Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке енуге және 2012 жылдан кейін Ауғанстанның ұлттық қауіпсіздік күштеріне қаржыландыруға деген ниетіне АҚШ қолдау білдіреді деп мәлімдеді.

Блейктің айтуынша, АҚШ Қазақстан үкіметімен ортақ мақсат - елде толыққанды демократиялық жүйе мен қуатты азаматтық қоғам орнатуға қол жеткізу үшін бірлесіп жұмыс істеуді жалғастыруға ниетті. Бұл орайда Блейк былтыр желтоқсанда Жаңаөзенде шерушілерге қарсы қару қолданылғанына АҚШ-тың алаңдаушылығын атап өтті.

«Біз Жаңаөзен бойынша сот процесі барысында наразылық білдіргендермен бірге қару қолданғандардың да, полицейлердің де жауапкершілікке тартылу фактісін құптаймыз, әйткенмен ұсталғандарға азаптап, қатыгездік көрсеткені және жазаға тартқанда алалағаны туралы хабарларға байланысты алаңдаушылық таныттық» деп мәлімдеді Роберт Блейк.
XS
SM
MD
LG