Accessibility links

Тәжікстанның Хорогында 6 адам мерген оғынан мерт болған


Хорог қаласы, Таулы Бадахшан аймағы. Көрнекі сурет.

Хорог қаласы, Таулы Бадахшан аймағы. Көрнекі сурет.

Тәжікстанның Таулы Бадахшан аймағындағы Хорог қаласында бүгін таңертең алты тұрғын мерген оғынан қаза болды, олардың бірі бала деп хабарлады Азаттық радиосының Тәжік редакциясы.

Қала тұрғындары кешеден бері осы аймақта әскери операция жүргізіп жатқан биліктің іс-әрекетіне наразылық білдіріп көшеге шыққан. Әкімдік ғимараты мен облыстық қауіпсіздік басқармасы кеңсесінің алдына бір топ адам жиналған. Ал кеше Хорогта әскери операция жүргізуге келісім берген Таулы Бадахшан автономиялық облысының төрағасы Кодири Косим бүгін ол шешімді «қателік» деп атап, жағдай дұрысталған соң отставкаға кететінін мәлімдеген.

Тәжікстанның әскери прокуроры Хайрулло Саидовтың жараланғаны туралы ақпаратты ресми билік орындары растап, я болмаса жоққа шығарып ештеңе айтпай отыр.

Хорогтағы әскери операция барысында 200 адамның қаза болғаны туралы хабарды жоққа шығарған Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің баспасөз хатшысы Нозирджон Буриев қаза болғандардың саны өте көбейтіліп көрсетілген, оның мақсаты - шындықты бұрмалау деп мәлімдеген.

Сейсенбі күні Таулы Бадахшан автономиялық облысында басталған әскери шараның мақсаты оппозиция әскерінің бұрынғы қолбасшысы, ал қазір «Ишкашим» шекара бекетінің басшысы Толиб Айембеков бастаған топты қолға түсіру екендігі айтылған. Билік оларды өткен аптада бұл аймақта қастандықпен өлтірілген ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің генералы Абдулло Назаровтың қазасына қатысты бар күдікті деп санайды.

Ресми орындардың ақпаратында кешеден бері үкімет күшінен 12 адамның қаза тауып, 23 адамның жараланғаны, ал қарсы жақтан 30 бүлікшінің көзі жойылып, 40 адамның қолға түскені айтылады.
XS
SM
MD
LG