Accessibility links

Әскери прокуратура Челахтың алдыңғы жауабынан бас тартқанын растады


Шекарашы Владислав Челах. (YouTube видеосынан жасалған скриншот). 13 маусым 2012 жыл.

Шекарашы Владислав Челах. (YouTube видеосынан жасалған скриншот). 13 маусым 2012 жыл.

Қазақстанның бас әскери прокуратурасының баспасөз хатшысы Әкбар Әбділдин Арқанкерген шекара постындағы бірнеше адамның өліміне қатысты күдікті шекарашы Владислав Челахтың бұған дейін тергеу барысында берген жауаптарынан бас тартқанын растады. Бұл туралы бүгін «Қазақстан жаңалықтары» агенттігі хабарлады.

«Иә, кеше ол бас тартты» деген Әбділдин алдыңғы берген жауабынан бас тарту - күдіктінің процессуалдық құқығы әрі қорғану амалдарының бірі екендігін атап өткен. Әскери прокуратураның өкілі жауынгер Челахтың ісі бойынша тергеу ісінің заңға сәйкес жүргізіліп жатқанын айтқан.

Сәрсенбі күні Владислав Челахтың туыстары ақпарат құралдарына қазірде қамауда отырған шекарашының бұған дейін тергеушілерге берген жауаптарынан бас тартқаны туралы мәлімдеме жасаған.

Биыл мамыр айының 30-ында «Шығыс» аймақтық шекара қызметі Үшарал отрядының Арқанкерген постында 12 шекарашының, бір қорықшының мәйіті, маусымның 1-і тағы 2 шекарашының мәйіті - барлығы 15 адамның сүйегі табылған.

Маусымның 5-інде тірі қалған жалғыз шекарашы - 19 жастағы Владислав Челахтың ұсталғаны белгілі болды. Маусымның 7-сінде Қазақстан бас прокуратурасы Челахтың «қасындағы серіктерін өлтіргенін» мойындағаны туралы хабарлады, ал маусымның 13-і күні әскери прокуратура күдіктінің тергеу барысында берген жауаптары түсірілген видеоны жариялады.
XS
SM
MD
LG