Accessibility links

Жаңаөзен полициясы "әскер кірді" деген хабарды растамады


Жаңаөзен қаласының орталық алаңы. Көрнекі сурет
Жаңаөзен қаласының орталық алаңы. Көрнекі сурет
Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласына ішкі істер әскері әкелінген деп хабарлады "Интерфакс" агенттігі 26 шілде күні.

Агенттіктің жазуынша, былтыр желтоқсанда Жаңаөзен оқиғасына қатысқаны үшін сотталғандардың туыстары шығарылған сот үкімдеріне наразылық ретінде орталық алаңда шеру өткізуге қалалық әкімшіліктен рұқсат сұрап, өтініш берген.

Алайда Жаңаөзеннің орталық алаңын екі күн бойы полиция күштері қоршауға алып тұр деп хабарлайды агенттік.

Бірақ Азаттық тілшісі хабарласқан кезде Жаңаөзен қалалық полиция басқармасының кезекші бөлімі бұл ақпаратты растаған жоқ.

Жаңаөзен тұрғыны Айгүл Бөлекбайқызының айтуынша, кеше яғни, 25 шілде күні бес-алты әйел наразылық шарасына шықпақ болып алаңға барған. Бірақ алаңды қоршаған жүзден астам солдатты көрген олар райынан қайтқан.
25 шілде күні бес-алты әйел наразылық шарасына шықпақ болып алаңға барған. Бірақ алаңды қоршаған жүзден астам солдатты көрген олар райынан қайтқан.
Жаңаөзен тұрғыны

– Шетпенің аппелляциясы қандай болғанын көрдік. Сосын біздікі де сондай бола ма деп наразылық өткіземіз бе дегенбіз. Оған әкімшілік рұқсат бермеген еді. Сосын кеше 5-6 әйел боп шыққанбыз. Ешкім шыққан жоқ. Барсақ, алаңды солдаттар қоршап алған. Көп солдаттар. Автобустың ішінде де болды. Біз таңертең барып, түске дейін отырдық. Сол кезге дейін бізді аңдып отырды, - деді Айгүл Бөлекбайқызы.

Жаңаөзен тұрғыны Венера Попова қалаға жаңа күш келгенін көрмегенін, солдаттардың топталып жүруі Жаңаөзен үшін әдеттегі жағдай екенін айтады.

– Біздегілер 25-і күні митинг ұйымдастырмақ болған. Сол себепті
кешеден бері қалада бақылау күшейтілген. Ешқандай "ОМОН", "СОБР" жасақтары
да жоқ. Техниканы да көрмедім. Қазір алаңды солдаттар қоршап тұрған жоқ. Бірақ онда патрульдер мен полиция жүр. Қауіпсіздік шараларының күшейтілгені көрініп тұр, - деді Венера Попова.

Маусымның 4-і күні Ақтауда Жаңаөзен оқиғасы бойынша айыпталған 37 азаматқа қатысты сот үкімі шығып, 13 азамат үш және жеті жыл аралығында сотталған еді.

Бұл іске қатысты аппеляциялық шағым тамыздың 2-сі күні қаралады деп хабарланған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG