Accessibility links

Қазақстан дзюдошыларының қарсыластары анықталды


Дзюдошы татамиді сүйіп жатыр. Жапония, 13 қыркүйек 2003 жыл.

Дзюдошы татамиді сүйіп жатыр. Жапония, 13 қыркүйек 2003 жыл.

26 шілде күні Лондонда дзюдо күресінің жеребесі тартылды. Қазақстаннан аттанған тоғыз татами шебері алғашқы қарсыластарын білді.

Еркебұлан Қосcаевтың (60 килограмм) алғашқы қарсыласы канадалық Серджио Песо болмақ. Қосаев олимпиадалық рейтингте 13-ші, ал Песо 15-ші орында тұр.

Оны жеңсе, Қоссаев әзірбайжандық, 2011 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Илгар Мушкаевпен татамиге шығады. Қазақстандық спортшы 23-те. 2010 жылғы Қазақстан чемпионы.

Сергей Лим (66 килограмм) олимпиадалық рейтингте 10 орында тұр. Болгариялық Мартин Ивановпен (рейтингте 12-орын) кездеседі. Ұтса, 2011 жылғы әлем чемпионы, жапониялық Эбинума Масасимен шығады. Сергей - биылғы Азия чемпионатының жеңімпазы.

Ринат Ибрагимовтың (73 килограмм) қарсыласы кореялық Ванг Ки Чун мен грузиялық Нуграз Татрашвили жұбының жеңімпазы болмақ. Ванг Ки Чун - Пекин олимпиадасының күміс жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы. Қазір олимпиадалық рейтингте бірінші тұр, Ибрагимов - 19-орында, Татрашвили 20-орында тұр.

Ислам Бозбаев (81 килограмм) рейтингте 15-орында түр. Украиналық Артем Василенкомен шығатын болды. Бозбаев - екі дүркін Қазақстан чемпионы.
Бірінші айналымда жеңіске жетсе, Того елінен келген Саша Денанухпен белдеседі.

Болат Тимур (90 килограмм) египеттік Хишам Месбехпен күреседі. Тимур - 2011 жылы Моңғолияда өткен әлем кубогының чемпионы.

Максим Раков (100 килограмм) әзірбайжандық Элмар Гасимовпен белдеседі. Раков - Әлем чемпионы, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері. Азия чемпионы, Азия ойындарының қола жүлдегері. Олимпиадалық рейтингте бірінші орында тұр.

Ержан Шынкеев (100 килограмнан жоғары) тунистік Файкел Джабаллахпен кездеседі. Шынкеев қазір рейтингте 22-орында тұр. Әлем кубогының екі дүркін қола жүлдегері.

Александра Подрядова (48 килограмм) моңғол балуаны Мохбат Урантсестегпен кездеседі. Подрядова - Қазақстан чемпионы.

Гүлжан Иссанова (78 килограмм) кореялық Ким На Юнмен белдеседі. Гүлжан Иссанова - 2009 жылғы Азия чемпионы, Азия чемпионатының жүлдегері. Пекин олимпиадасына қатысқан. Иссанов рейтингте он бірінші орында тұр.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG