Accessibility links

Челахтың ісі бойынша тергеу тағы бір айға ұзартылды


Шекарашы Владислав Челах. (YouTube видеосынан жасалған скриншот). 13 маусым 2012 жыл.

Шекарашы Владислав Челах. (YouTube видеосынан жасалған скриншот). 13 маусым 2012 жыл.

Арқанкерген шекара постындағы шекарашылар қазасына байланысты күдікті саналып отырған Владислав Челахтың үстінен қылмыстық іс тергеуі тағы бір айға созылды. Бұл туралы Азаттық радиосына бүгін оның адвокаты Төлеген Берліқожанов хабарлады.

"Кеше Талдықорғанда сот тергеу мерзімі мен Челахты қамауда ұстау уақытын бір айға ұзартты", - деді Берліқожанов.

Ол Челахтың психикалық жағдайына жүргізілген медициналық сараптаманың қортындысымен танысқанын жеткізді.

"Мамандардың қортындысы бойынша оның дені сау, ешқандай ауытқушылық байқалмаған. Қазір біз тағы басқа сараптамалардың қортындылары шыққанын күтіп отырмыз", - деді адвокат.

Өткен аптада Қазақстанның бас әскери прокуратурасы шекарашы Владислав Челах өзінің қылмыскер екенін мойындайтыны жайлы бұған дейін берген жауаптарынан бас тартқанын растаған еді. Соның алдында Челахтың психикалық денсаулығы қалыпты жағдайда екендігі туралы оған жүргізілген медициналық сараптама қортындысы жарияланған.

Биыл мамыр айының 30-ында «Шығыс» аймақтық шекара қызметі Үшарал отрядының Арқанкерген постында 12 шекарашының, бір қорықшының мәйіті, маусымның 1-і тағы 2 шекарашының мәйіті - барлығы 15 адамның сүйегі табылған.

Маусымның 5-інде тірі қалған жалғыз шекарашы - 19 жастағы Владислав Челахтың ұсталғаны белгілі болды. Маусымның 7-сінде Қазақстан бас прокуратурасы Челахтың «қасындағы серіктерін өлтіргенін» мойындағаны туралы хабарлады, ал маусымның 13-і күні әскери прокуратура күдіктінің тергеу барысында берген жауаптары түсірілген видеоны жариялады. Челахтың туыстары оның кінәлі екеніне күмән келтіреді.
XS
SM
MD
LG