Accessibility links

Қазақстан: Бес алтыннан үміттіміз


Олимпиада чемпионы Майя Манеза. Лондон, 31 шілде 2012 жыл

Олимпиада чемпионы Майя Манеза. Лондон, 31 шілде 2012 жыл

31 шілде күні Лондондағы "Қазақ ауылында" өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның спорт және туризм агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев олимпиада құрамасының кем дегенде бес алтын медаль ұтып аларлық қауқары бар екенін мәлімдеді. Бұл туралы Азаттыққа Лондоннан ардагер спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы хабарлады.

Олимпиада басталмай тұрып Талғат Ермегияев Қазақстан олимпиадашыларының үш алтын медальден үмітті екенін айтқан болатын. Несіп Жүнісбайдың мәлімдеуінше, ауыр атлет Майя Манезаның бүгінгі жеңісінен кейін Қазақстан құрамасының әлеуеті туралы бағам өзгеріске ұшыраған.

Тәжірибелі спорт шолушысының пікірінше, алтын медальден үміткер спортшылардың қатарында есімдері жиі аталатын қазақстандық спортшылар - ауыр атлет Илья Ильин, палуандар Алмас Кебіспаев пен Нұрмахан Тінәлиев, боксшылар Данияр Елеусінов, Әділбек Ниязымбетов пен Серік Сәпиев, және жеңіл атлет Ольга Рыпакова.

Соңғы нәтижелер бойынша Қазақстанның олимпиадалық құрамасы командалық есепте үш алтын медальмен алтыншы орында тұр. Бұған дейін велоспортшы Александр Винокуров пен ауыр атлет Зүлфия Чиншанло да Лондон олимпиадасының чемпиондары атанған еді.
XS
SM
MD
LG