Accessibility links

АҚШ терроризм жөнінде есебін жариялады


Әл-Каида ұйымының басшысы Усама бин Ладеннің көзі тірісінде түскен видеодан көрініс.

Әл-Каида ұйымының басшысы Усама бин Ладеннің көзі тірісінде түскен видеодан көрініс.

АҚШ мемлекеттік департаменті терроризмге қатысты сейсенбіде жариялаған есебінде былтырғы жыл терроризмге қарсы күресте табысты болды деп отыр. Құжатта 2011 жыл әлемде терроризммен күресте «бетбұрыс» әкелген жыл болғаны және 2005 жылдан бергі кезеңде былтыр әлемде террорлық шабуылдар саны азайғаны айтылған.

Терроризмге қарсы күресте ең маңызды оқиға ретінде 2011 жылы мамыр айында әл-Каида ұйымының жетекшісі Усама бин Ладеннің қазасы аталған. Әл-Каида қатарының селдіреуі бұл ұйымның құлдырауын айқындай түсті делінген баяндамада.

Сонымен қатар мамандар Ливия, Нигерия және Мали сияқты тұрақсыздық жайлаған елдерде экстремистік топтардың белсенді қимылға көшкенін айтады. АҚШ мемлекеттік департаменті Иранды терроризмге қолдау жасайтын жетекші елдердің бірі ретінде атап, Пәкістанда орналасқан «Хаккани тобының» қызметіне байланысты айрықша алаңдаушылық білдірген.

Баяндама авторларының мәліметтері бойынша, жалпы 2011 жылы әлемде терроризмге байланысты 10 мыңнан астам оқиға салдарынан 12 жарым мың адам жапа шеккен.
XS
SM
MD
LG