Accessibility links

Арқа дәстүріндегі қарсылық әндері


Совет дәуірінің ескерткішіне қарап тұрған салт атты. "Байқоңыр" фильмінен көрініс.
Совет дәуірінің ескерткішіне қарап тұрған салт атты. "Байқоңыр" фильмінен көрініс.
Қазақтың дәстүрлі ән өнеріндегі шағырмалардың бір парасы – билік жүйесі мен билеуші топқа қарсылық тақырыбында болып келеді.

Музыкатанушы Жарқын Шәкерім «қазақтың дәстүрлі музыкасындағы қарсылық мазмұнда айтылатын кез-келген ән жеке адамға қарсы бағытталып айтылса да, сол заманның, сол қоғамның шынайы бет-бейнесін айшықтап тұрады» дейді.

Ал әнші, әрі дәстүрлі өнер зерттеушісі Ерлан Төлеутай: «Қазақтың қарсылық тақырыбында айтылатын классикалық әндері – Мәдидің «Қаракесегімен» аяқталады. Онан кейін лирикалық әндердің дәуірі туды» деп санайды.

«СЕН ТҮГІЛІ ПАТШАҢА БАС ҰРМАЙМЫН»

Азаттыққа пікір білдіргендер Арқаның дәстүрлі ән өнері Біржаннан басталатынын айтады.

Азаттық тілшісіне Ерлан Төлеутай «Біржан сал Қожағұлұлының 40-қа жуық әндерінің бүгінге жеткенін» айта келіп, ішінен «Жанбота» мен «Адасқақ» әндерін ерекше атады.

– Сол заманнғы қоғамның шынайы бет-бейнесін шынайы көрсеткен әндердің бірі – «Жанбота» әні. Бұл әннің шығу тарихы былай болған еді. 1865 жылдың жаз айы. Омбыдан «генерал-губернатор келе жатыр» деген хабар алыс-жақын аймақты түгел шарлап, қалың ел әуре-сарсаңға түскен. Әсіресе болыс, старшындар қатты әбігер үстінде. Бұл аймақтағы көп болыстың ішіндегі ең көрнектілері - Азнабай мен Жанбота. Азнабай - жуан тұқым Қоңырқожаның баласы болса, Жанботаның «сегіз болыстан шені артық» (Біржан салдың сөзі), - деген Ерлан Төлеутай «бүгінгі әкім-қаралардың биліктен біреу келе жатыр десе жанталасатын ғадеті секілді» деп күлді.
"Біржан сал" фильмінен көрініс. Актер Досхан Жолжақсынов Біржанның рөлінде.
"Біржан сал" фильмінен көрініс. Актер Досхан Жолжақсынов Біржанның рөлінде.

Ерлан Төлеутайдың айтуынша «Жанбота болыстың шақыртуымен сол ауылға кеп ән салған Біржанға ел көңілінің ауып кеткеніне намыстанған, бір жағы - генерал-губернатор келмей жатып, Жанбота ауылының той-думанға айнала бастағанын жақтырмаған Азнабай поштабайын жұмсап: "Тоқтат Біржанды!" деп бұйырады. Поштабай барып бұйрықты жеткізсе, Біржан тоқтамайды. Поштабай әуелі қолындағы домбырасын тартып алмақ болады. Домбыраны бермеген соң қамшымен Біржанды тартып жібереді. Денесіне қамшы тиген Біржан намыстанып, жан айқайы - "Жанбота" әнін шығарған. Мұнда өзін қолқалап ертіп келген Жанбота болысқа:

"Жанбота, осы ма еді өлген жерім?
Көкшетау боқтығына көмген жерің?!" - деп ашулана шырқаса да, "азуы алты қарыс" Азнабайға ештеңе істей алмасын байқаған соң, атақты "Адасқақ" әнін шығарған болатын, - дейді зерттеуші.

– Жасым бар жиырмада жасырмаймын,
Басымнан дұшпан сөзін асырмаймын,
Басымнан дұшпан сөзі асып кетсе,
Сен түгіл патшаңа да бас ұрмаймын, - деп келетін «Адасқақ» әнінің негізгі өзегінде әншінің өршіл мінезі мен сол тұстағы билікшіл топқа деген деген қарсылық аңғарылады.

Біржан Салдың әні "Жанбота"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:00 0:00
Жүктеп алу


«ОЯЗЫ АҚМОЛАНЫҢ БОЛДЫ ҚАСЫМ»

– Арқа ән дәстүрінде аты аталатын Ақансері Қорамсаұлынан бастап Жаяу Мұса, Балуан шолақ, Үкілі Ыбырай, Мәди, Айтбай секілді әншілер патша үкіметінің қысымына ұшырап ата-қонысынан айрылды. Туған жердің сағынышы мен мұңы іштен зар болып, ән болып төгілді, - дейді Ерлан Төлеутай.

Иманжүсіптің әні. Орындаушы - Қайрат Байбосынов
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:29 0:00
Жүктеп алу

Мәселен, Иманжүсіп:

– Сарыарқа, хош аман бол, өскен жерім,
Кір жуып кіндігімді кескен жерім.
Ертелі-кеш тартысып ұлықтармен,
Шұбырып маңдайымнан аққан терім, - десе, Балқантауды әнмен тербеген Айтбай:
Иманжүсіп. Фотокөшірме Р.Көшенова құрастырған "Иманжүсіп" кітабынан алынды.
Иманжүсіп. Фотокөшірме Р.Көшенова құрастырған "Иманжүсіп" кітабынан алынды.

– Айтеке, хош есен бол қайтсаң елге,
Біз түстік соры қалың мынау көлге.
Зорлықтың тегеуріне шыдай алмай,
Сол үшін жер аудардың-ау Өскеменге, - деп жүрегінен шыққан мұңды-өкініш әндерін дүниеге әкелді , - деп жазады Ілия жақанов өзінің 2001 жылы Арыс баспасынан шыққан «Үзілген ән» атты кітабында.

«Сармойын», «Сарыарқа», «Иманжүсіп» секілді әндері арқылы жақсы таныс Иманжүсіп бірде:

Неше жылдай алысып жүргенімде,
Оязы Ақмоланың болды қасым,- десе, тағы бірде:

– Шытырлатып сабаушы ем шеттерінен,
Мынау ояз демеуші ем, мынау болыс, - деп жырлайды.

Өзінің «жеке батыр» ретіндегі қарсылығын бейнелейді.

«СИСТЕМАҒА ҚАРСЫ ШЫҚҚАН» ӘНШІ

Зерттеушілер Арқадағы дәстүрлі ән өнерінің иелерінің қай-қайсысының шығармашылығында да қарсылық әндердің көптеп ұшырасатынын айтады.
Арқаның дәстүрлі ән-өнеріндегі аты-жиі аталатын тұлғалардың бірі - Жаяу Мұса.

Жаяу Мұса Байжанұлының аты аталған тұста ең алдымен оның «Ақсиса», «Шормановқа», «Бұзау зары»,»Гауһар қыз» әндері тілге оралады.

– Бірақ Жаяу Мұса өзінің қарсылығын өзгелер секілді жырмен ғана білдіріп қойған жоқ, іс-әрекетімен де көрсете білді, - деген Ерлан Төлеутай «Біржан салдан бастап кешегі Мәдиге дейінгі өнер иелері тек өзінің төңірегіндегі би-болыстарға қарсы шығып келсе, Жаяу Мұса күллі системаға қарсы шықты. Әрине, әуелгі қарсылық аға сұлтан Мұса Шорманмен оның інісі Мұстафаның зорлық-зомбылығынан басталып, ақырында астындағы атынан айырылған ол әлеуметтік теңсіздікке деген наразылығын «Ақсиса » әні арқылы жеткізді деп санайды.
Жаяу Мұса Байжанұлы. Фотокөшірме З.Қоспақовтың "Әнші тағдыры" кітабынан алынды.
Жаяу Мұса Байжанұлы. Фотокөшірме З.Қоспақовтың "Әнші тағдыры" кітабынан алынды.

Жаяу Мұсаның өмір жолын шолып шыққан адам әнші-композитордың «Сүйіндік», «Тұтқын зары» әндері Тобылға жер аударылған 1860 жылдары туғанын аңғара алады. Тұтқында екі жыл болғаннан кейін әскерге сұранған Жаяу Мұсаны патша үкіметі Литвада Орталық Азия жорығына дайындалып жатқан Черняевтің отрядына жіберген. 1863-1865 жылдары осы отрядтың жүк батальоны құрамында Шымкент, Әулие-ата (Тараз), Верный (Алматы) жорығына қатысқан.

– Жаяу Мұсаның барлық әндері қарсылық мазмұнда туған, - деген дәстүрлі ән зерттеушісі Ілия Жақанов әншінің осы күнге дейін белгісіз болып келген «Шорманов» атты әнін тапқанын айтты.

Ерлан Төлеутайдың ойынша, патшалық үкімет совет үкіметіне қарағанда сәл кеңшілік жасаған. Себебі патша үкіметінің қолынан өлген тек Сары Батақұлы.

- Қазақтың өзге өнерлі ұлдарының көпшілігі совет режимі кезінде қаза болды. Себебі совет үкіметі ең үлкен қарсылық - музыканың екенін сезді, - дей келе зерттеуші Арқа ән өнеріндегі совет үкіметінің қолынан қаза тапқан әншілер ретінде Мәди, Балуан Шолақ пен Иманжүсіптерді атады.

«СПАСИБО, КӨМЕНЕС!»

Ақан Серіге шәкірт болып еріп, Біржан Салдан бата алған, 70 жасқа қараған шағында «халық жауы» ретінде ату жазасына кесілген Арқаның әншілерінің бірі - Үкілі Ыбырай. Үкілі Ыбырай туралы Азаттық радиосы бұған дейін де жазған еді.

Көкшетаулық қарт журналист Жұмабай Есекеев ел аузында Үкілі Ыбырай айтыпты деп кең тараған шумақтарды да келтірген еді.

– Тергеуші Жұмабай Шаяхметов оған: «Әй, шал, бетіңнен қайтып, мына үкіметті мақтап бір-екі ауыз өлең айтып жібер» деген екен өзінің құтқарғысы келіп отырғанын білдірмей. Сонда Ыбырай:
Үкілі Ыбырай өмірін зерттеуші Жұмабай Есекеев Ыбырай әнін айтып тұр. Алматы. 3 маусым, 2012 жыл.
Үкілі Ыбырай өмірін зерттеуші Жұмабай Есекеев Ыбырай әнін айтып тұр. Алматы. 3 маусым, 2012 жыл.

«Тұлпарларды мінгізген,
Жал-жаяны жегізген,
Барқыттан киім кигізген,
Сұлуларды сүйгізген,
Идраномайт Николай.

Мәстектерді мінгізген,
Тайынша-торпақ жегізген.
Түрегелтіп с...ген,
Кенептен шалбар кигізген,
Спасибо, көменес» депті алған бетінен қайтпай, - деді Жұмабай Есекеев.

– Әншінің алған бетінен қайтпайтындығын көрген Шаяхметов еріксіз айдатып жіберіпті. Айдауда кетіп бара жатып әнші былай депті:

«ГПУ деген сотыңыз,
Жүріп тұр ғой ход-ыңыз.
Өңкей шалды айдатып,
Қисайды ма к...ңіз», - деп әңгімелеген еді журналист.

Үкілі Ыбырайдың "Қоштасу" әні
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:02 0:00
Жүктеп алу


«ҚАРСЫЛЫҚТЫҢ ШЫҢЫ»

«Замана бұлбұлдары» кітабында Ахмет Жұбанов: «…Қайратты жігіт қанша күшіне мінгенімен, қолды бұғау, аяқты кісен тырп еткізбейді, налытады, ойға шомылдырады. Қазақтың ескі салтында тәрбиеленген Мәди қысылған жерде аруақты, ата-бабасын айтып, өзінің трагедиясына тоқтайды.
Мәди Бәпиұлы, Б.Әшімбеков пен Б. Адамбаевтың "Мәди" өмірбаяндық очерктер кітабынан алынды.
Мәди Бәпиұлы, Б.Әшімбеков пен Б. Адамбаевтың "Мәди" өмірбаяндық очерктер кітабынан алынды.

Бабамыз кешегі өткен Алшынбайды,
Ақылы өткел бермес терең сайды.
Әруағың Алатаудай бабаларым,
Көрдің бе ғарып болған біздің жәйді, – деп оларға да жалбарынып қояды, - деп жазады.

«Атыңнан айналайын, Қарқаралы,
Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады.
Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай,
Мен бір жан қуғын көрген Арқадағы», - деп атақоныс Қарқаралысын әнге қосып кеткен әншінің «Әу бастағы бақталастық немере ағасы Қақабай болыс екеуінің арасындағы кикілжіңнен басталғанын» айтқан Ерлан Төлеутай «Қаракесек» әні – музыкадағы қарсылықтың шыңы» дейді.

– Мәдидің осы бір ғана «Қаракесек» әні бүкіл қарсылықтың, система дейміз бе, орыс отаршылдығы дейміз бе, осылардың музыка тіліндегі айыптау актісі, - деді зерттеуші.

Мәдидің әні "Қарқаралы"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:35 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG