Accessibility links

Апелляция алдында Жаңаөзенде қауіпсіздік күшейтілді


«Құқықтық тәртіп» шарасын атқарып жүрген полицейлер. Жаңаөзен, 1 тамыз 2012 жыл.
«Құқықтық тәртіп» шарасын атқарып жүрген полицейлер. Жаңаөзен, 1 тамыз 2012 жыл.
Тамыздың 1-і күні Маңғыстау облыстық ұлттық қауіпсіздік департаменті қару атудан жаттығу өткізді. Ал Жаңаөзенде өткен аптада басталған «Құқықтық тәртіп» шаралары жұрт наразылығын тудырып отыр.

Облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) департаменті қызметкерлерінің №25744 әскери бөлімінің полигонында ай сайын жаттығу өткізетіні хабарланды. Бұл туралы Lada.kz сайтында жария болды. Осы жолғы жаттығуда Макаров тапаншасы, АКС-74 атыс қаруы, Калашников пулеметі, ірі калибрлі Дектеров-Шпагин пулеметі, Драгунов мергендік винтовкасы қолданылған. ҰҚК қызметкерлері оқу гранатасын да лақтырып жаттыққан.

ҰҚК облыстық департаментінің бастығы Сабыржан Оңғарбаев қызметкерлерінің кез келген жағдайға дайын болуы үшін мұндай жаттығуды ұдайы жасайтынын айтты.
«Құқықтық тәртіп» шарасын атқарып жүрген полицейлер көшедегі адамдарды тексереді. Жаңаөзен, 1 тамыз 2012 жыл.
«Құқықтық тәртіп» шарасын атқарып жүрген полицейлер көшедегі адамдарды тексереді. Жаңаөзен, 1 тамыз 2012 жыл.

Ал Жаңаөзендегі шілденің 28-і күні басталған «Құқықтық тәртіп» шараларын заң орындары құқық бұзушылықтың алдын алу шарасы деп түсіндірді. Бірақ қала тұрғындары бұл шараға күмәнмен қарайды.

Азаттық тілшісіне хабарласқан жаңаөзендік тұрғындар қаладағы әскерилердің көбейіп, әлдебір тексеру рейдтерінің жиілеп кеткеніне алаңдайтындарын білдірген еді.

Олардың айтуынша қала көшелерінде полиция қаптап, кешкі сағат он бірде көшеде жүргендерден қайта құжат талап ете бастаған.

МИТИНГІГЕ РҰҚСАТ

Жаңаөзен оқиғасы кезінде жарақат алған жәбірленушінің бірі Нұрлыбек Нұрғалиев «Жаңаөзен жәбірленушісі» қозғалысына қатысушы жиырма шақты адамның шілденің 30-ы күні Жаңаөзен қаласы әкіміне арнайы кіріп наразылық білдіргендерін айтты.

- Аяқ асты қала толы полицейлер, бұл қозғалыс бізді қайта мазасыздандырды. Біз бір топ жәбірленушілердің туыстары - бірі әкесінен, бірі ұлынан, бірі қызынан айырылғандар Жаңаөзен қаласы әкіміне барып қарсылық білдірген едік, - дейді ол.

Алайда қала әкімі Серікбай Тұрымов алаңдайтын ештеме жоқ екенін айтып шығарып салған.
Жаңаөзен қаласының әкімі Серікбай Тұрымов. Фотоны "Жаңаөзен-2011" комитетінің мүшесі Ерлан Қалиев түсірген.
Жаңаөзен қаласының әкімі Серікбай Тұрымов. Фотоны "Жаңаөзен-2011" комитетінің мүшесі Ерлан Қалиев түсірген.

- Дегенмен біздер сот қорытындыларына көңіліміз толмайды. Жаңаөзен шындығы әлі ашылған жоқ. Біздер тамыздың 29-ы күні Тәуелсіздік алаңына жиналатынымызды айтып, ескерту қағазымызды қала әкіміне тапсырып кеттік,- дейді Нұрлыбек Нұрғалиев.

Азаттық тілшісі мәселенің мән-жайын Жаңаөзен қаласы ішкі істер басқармасы бастығы, полиция полковнигі Амангелді Досахановтан сұрамақ болған. Бірақ басқарма бастығы кезекті еңбек демалысында екен. Оның орынбасары, ішкі істер басқармасы бастығы міндетін уақытша атқарушы, полиция майоры Қуаныш Есенгелдиев уақыты жоқ екенін айтып, сауалдарға жауап беруден бас тартты.

«ӘДЕТТЕГІ АЛДЫН АЛУ ШАРАСЫ»

Азаттық тілшісі сауалына түсініктеме беруге келіскен Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің (ІІД) баспасөз хатшысы Гүлзада Төлеуғалиева мұның Жаңаөзен аумағында өтіп тұратын құқық бұзушылықтың алдын алу шараларының бірі екенін мәлімдеді.

Баспасөз хатшысының айтуынша, соңғы алты айдың қорытындысы бойынша Жаңаөзендегі ұялы телефон ұрлығы, пәтер тонау тәрізді кейбір қылмыс түрлерінің ұлғайып кетуіне байланысты жедел іс-шаралар өткізу - әдеттегі жайт. Оның нәтижесінде 408 әкімшілік құқық бұзушылық әрекеттер анықталған. Шара тамыздың 2-сіне дейін жалғасады.
Базарды тексеруге келген полицейлер көлігі. Жаңаөзен, 1 тамыз 2012 жыл.
Базарды тексеруге келген полицейлер көлігі. Жаңаөзен, 1 тамыз 2012 жыл.

- 234 жол жүру ережесін бұзушылық, бір үкімет өкіліне қарсылық көрсету анықталды. Азаматтық қарулары бар 57 адам тексеруден өтті; 33 азамат әкімшілік құқық бұзушылық әрекетімен ұсталып, арнайы қабылдау орнына жеткізілді; 50 кісі айықтырғышқа түсті,- деп хабарлады Гүлзада Төлеуғалиева.

Оның сөзіне сүйенсек, қалаға қосымша әскери күштер шақырылмаған.

- 28-30 шілде аралығында Маңғыстау облыстық департаменті (ІІД) ішкі құрамының 150-ге жуық қызметкері осы шараға тартылған. Қазір қалада Маңғыстау, Қарақия аудандарынан келген 46 қызметкер жұмысын жалғастырып жатыр, - деді Төлеуғалиева.

- Жалпы бұл шараның басқа ереуілге қатысы жоқ әрі ешқандай ереуіл қалада болған жоқ, - деп қосып қойды ол.

БАЗАРДАҒЫ ТЕКСЕРІС

Азаттық тілшісімен пікірлескен Жаңаөзен қаласы базарындағы саудагер әйелдердің бірі полиция қызметкерлерінің бұл шараны ақша табудың көзіне айналдырғанын айтты.

- Олар базардағы, әсіресе, Қарақалпақстан, Өзбекстаннан келген саудагерлерден ақша бопсалап, бергендеріне тиіспей кетіп қалып жатыр, - дейді Айгүл есімді келіншек.
Жаңаөзен базары. 1 тамыз 2012 жыл.
Жаңаөзен базары. 1 тамыз 2012 жыл.

Ол ұлты қазақ болғанымен, осыдан он шақты жыл бұрын Қарақалпақстаннан қоныс аударғандықтан, жұрттың «жаман қалпақ» деп атайтынын айтып налыды.

- Туысымды ұстап алып кетті. Оның тіркеуі де, құжаты да бар. Бірақ айыппұл салды, - деді Айгүл.

Ал Маңғыстау облыстық ІІД баспасөз хатшысы Гүлзада Төлеуғалиева төлқұжаттар тексерісі де «Құқықтық тәртіп» аясында көші-қон полициясы тарапынан жүріп жатқан шаралар екенін айтты.

НАЗАРБАЕВҚА ХАТ

Заң орындарының әділдігінен күдер үзген Жаңаөзен тұрғындары президент Назарбаевқа хат жазуға кіріскендерін айтты. Олар «Арыз» деп атаған сол хаттарына қазір қол жинап жатыр.

Жаңаөзендіктер бұл хатта бұрынғы қала әкімдері Орақ Сарбөпеевтің, Жалғас Бабахановтың, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның бұрынғы директоры Киікбай Ешмановтың жазадан босатылуына, Маңғыстау облысының бұрынғы әкімі Қырымбек Көшербаевтың да жазаға тартылу орнына президент кеңесшісі болып тағайындалғанына наразылықтарын жазған.
Премьер министрден әкесін шығаруды талап етіп, плакат көтеріп тұрған жәбірленушілер балалары. Жаңаөзен қаласы, 16 шілде 2012 жыл.
Премьер министрден әкесін шығаруды талап етіп, плакат көтеріп тұрған жәбірленушілер балалары. Жаңаөзен қаласы, 16 шілде 2012 жыл.

Онда «Жаңаөзен оқиғасын біз бұзақылыққа емес, ерлікке теңейміз. Жаңөзендегі қанды оқиғаны тұяқ серпу деп білеміз. Қолында күшті заңы бар билік неге жазықсыз бейбіт халыққа оқ атты? Қазіргі таңда Желтоқсан оқиғасына, жазықсыз бейбіт халықтың қаны төгілуіне, өліміне себепші болған басшылар - Қ. Көшербаев, А.Айтқұлов, О.Сарбөпеев, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы А.Қабылов, қалалық ішкі істер басқармасы бастығы М.Қожаев, басқа полиция қызметкерлері У.Мылтықов пен А.Өтешов, «Өзенмұнайгаз» АҚ директоры К.Ешманов, В.Мирошников сияқты адамдардың қылмысқа тартылмауы жәбірленуші халықтың қабырғасына батып, ыза-кегін бұрынғыдан күшейтіп отыр. Егер олар ҚР Қылмыстық кодексінің 164-бабына сай жауапталмаса, оның арты қайта қантөгіске апаратынын қаперіңізге береміз.

Өз мүдделерін қорғағаны үшін жазықсыз сотталған мұнайшылар - Роза Төлетаева, Ақжанат Әминов, Мақсат Досмағамбетов, Қанат Жүсіпов, Нарын Жарылғасынов, Шабдол Өткілов, Таңат Қалиев, Талғат Сақтағанов, Жарас Бесмағанбетов, Марат Аманов, Қайрат Еділов, Мұрат Қосбармақов, Бауыржан Непесов, Нұрлан Асқарұлы, Хошмұрат Авезов, Ержан Мамедов, Ғабиден Бауыржан, Нұрболат Сәуірбаевтардың ақталуын талап етеміз» деп жазылған.
16 желтоқсанда көтеріліс алаңында қаза тапқан адам. Маңғыстау облысы, Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2012 жыл. Скриншот Ютуб сайтынан алынды.
16 желтоқсанда көтеріліс алаңында қаза тапқан адам. Маңғыстау облысы, Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2012 жыл. Скриншот Ютуб сайтынан алынды.

Жаңаөзен тұрғындары президентке дайындаған хаттарында «Қайтыс болған 16 адамның бесеуінің полиция қаруынан қаза болғаны анықталды дегенімізбен, қалған тоғыз адамның қазасын қай полициядан талап етеміз?» деген сауал қойған.

Бұдан өзге, Жаңаөзен оқиғасына тікелей әрі басты жауапты адам ретінде Орақ Сарбөпеевті санайтындарын айтқан.

Жаңаөзен мен Шетпеде 2011 жылы желтоқсанның 16-сы мен 17-сі күндері полиция жаудырған оқтан ресми дерек бойынша 17 адам қаза тауып, 100-ге тарта адам жараланды. Жаңаөзен қаласындағы оқиғаларға қатысты деп айыпталған 13 адам 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Осы аптада сотталғандардың апелляциясы қаралады.
XS
SM
MD
LG