Accessibility links

Орақ Сарбөпеевтің қайта қамауға алынғаны туралы хабарланды


Орақ Сарбөпеев Жаңаөзен қаласы әкімі кезінде. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл. Ресейлік журналист Елена Костюченконың суреті.

Орақ Сарбөпеев Жаңаөзен қаласы әкімі кезінде. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл. Ресейлік журналист Елена Костюченконың суреті.

Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеев Ақтаудағы тергеу абақтысына қамалғаны туралы "Интерфакс-Қазақстан" агенттігі хабарлады.

Бүгін Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер бойынша апелляциялық сот алқасы Сарбөпеевке бұған дейін шығарылған сот үкіміне қатысты мемлекеттік айыптаушының берген арызын қараған.

"Сот шешімінің күші жойылды. Сарбөпеевтің ісі соттауға жататыны немесе жатпайтынын анықтау үшін Жоғарғы сотқа берілді", - деп хабарлаған облыстық соттың баспасөз қызметі.

Маусымның 22-сінде Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеевке қарсы қозғалған қылмыстық істі қараған Ақтау қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот оны ақтап, сот залынан босатқан еді.

Сарбөпеевке алғашында үш бап бойынша айып тағылған еді: «пара алды» (қылмыстық кодекстің 311-бабы), «қызметтік өкілетін асыра пайдаланды» (307-бап) және «қылмысқа дайындалды және қылмыс жасауға оқталды» (24-бап).

Алғашқы сотта үшінші айыптың («қылмысқа дайындалды және қылмыс жасауға оқталды») дәлелденбеуіне байланысты 24-бап істен алынып тасталған.

Былтыр 16-17 желтоқсанда Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларда, ресми мәлімет бойынша, 17 адам көз жұмып, 100-ден аса адам жараланған. Биыл қаңтардың соңына қарай Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаевтың жасаған мәлімдемесінде Жаңаөзен қаласының сол кездегі және бұрынғы әкімдері Орақ Сарбөпеев пен Жалғас Бабахановтың де аты-жөні аталып, олардың «мемлекет қаржысын «Жанашыр» және «Жарылқау» қоғамдық қорлары арқылы ұрлап келгені» айтылған еді.
XS
SM
MD
LG