Accessibility links

Бішкекте қазақстандық құқық қорғаушыны қолдау шарасы өтті


Бішкектегі түрмелердің бірінің қоршауы. Көрнекі сурет.

Бішкектегі түрмелердің бірінің қоршауы. Көрнекі сурет.

Бүгін Бішкекте Қырғызстан бас прокуратурасының ғимараты алдында отыз шақты адам қазақстандық құқық қорғаушы Александр Осадченконы қолдап митинг өткізді деп хабарлады Азаттық радиосының қырғыз редакциясы.

Шараға шыққандардың бірі Игорь Трофимов Осадченконың негізсіз ұсталып отырғанын айтып, қырғыз билігін құқық қорғаушыны Қазақстанға бермеуге, оған саяси баспана беруге шақырған.

Қазірде Бішкекте тергеу абақтысында жатқан қазақстандық құқық қорғаушы Александр Осадченконың Қырғызстаннан саяси баспана сұрап президент Алмазбек Атамбаевқа өтініш жасағаны туралы бұған дейін оның ресми өкілі Ксения Филимонова мәлімдеген еді.

Адвокаттарының айтуынша, шілденің 10-ы күні Бішкекте Осадченконы белгісіз біреулер көшеден ұстап әкетуге әрекет жасап, кездейсоқ адамдар ара түсіп алып қалған. Оқиға орнына жеткен қырғыз полициясы оны алып кеткен, содан бері Осадченко Бішкектегі тергеу абақтысында жатыр.

Жаңаөзен оқиғасы үшін билікті сынаған Александр Осадченко Қазақстанда үкімет тарапынан қуғынға ұшыраған дейді оның адвокаттары. Қазақстанның ресми орындары Осадченкоға қатысты әзірге ешқандай түсінік бермей отыр.
XS
SM
MD
LG