Accessibility links

Илья Ильин баспасөз мәслихатын өткізді


Илья Ильин Лондон-2012 олимпиадасында жеңіс сәтінде. 4 тамыз 2012.
Илья Ильин Лондон-2012 олимпиадасында жеңіс сәтінде. 4 тамыз 2012.
Олимпиада ойындарында чемпион атанған Илья Ильин жексенбі күні Лондондағы "қазақ ауылында" жанкүйерлермен кездесіп, баспасөз мәслихатын өткізді.

Лондондағы ХХХ жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан бесінші алтын ұтты. Алтын иесі Илья Ильин екі дүркін олимпиада чемпионы атанды. Қазақстан спорты үшін екі дүркін олимпиада чемпионы - тұңғыш жетістік. Илья Ильин әлемдік рекордты да жаңартты.

ИЛЬИН ЕЛГЕ ЖӘНЕ ЕЛ БАСШЫСЫНА АЛҒЫС АЙТТЫ

Баспасөз мәслихатында Илья Ильин өзінің ұтатынына сенімді болғанын айтты.

- Менің қасымда болып, мені қолдаған барлық адамға алғысымды айтқым келеді. Бірінші кезекте, әрине, мемлекет басшысына алғыс айтар едім. Маған қиын тиген сәттерде қол ұшын беріп, қолдау көрсетті. Үмітін ақтадым. Оған мемлекет басшысы ретінде емес, маған көмектескен адам ретінде басымды иемін. Тұтас елге рақмет! - деді ол.
Илья Ильин Лондон-2012 олимпиадасында марапаттау кезінде. 4 тамыз 2012.
Илья Ильин Лондон-2012 олимпиадасында марапаттау кезінде. 4 тамыз 2012.
Пекин олимпиадасынан кейін Илья Ильин түрлі қайырымдылық шаралар ұйымдастырып, өз қаржысына жаңа брендті киімдер тігетін ірі ателье ашқан еді. Тіпті Алматы қаласындағы түнгі клубтарының бірінде бұзақылармен төбелесіп, жарақат та алған. Түрлі телевизиялық шоуларға да қатысты. Пекин олимпиадасынан кейін жарты жылдай жаттығуды бастамады. Ал Қазақстан құрамасының бапкерлері Ильиннің бұл қылықтарына қарсы шығып, оны ұлттық құрама сапынан алып тастамақ болған еді.

Ильин кейін ұлттық құрамадан бөлек, өз бағдарламасы бойынша олимпиадаға дайындықты бастады. Олимпиада алдында Корея, Польша, Франция елінде жеке жаттығулар жүргізді. Париждегі әлем чемпионатынан кейін Қызылорда облыстық спорт басқармасы Ильинге ай сайын төленетін 15 мың доллар стипендия тағайындады.

Ильин енді Қазақстанда ауыр атлетика спортын дамыту үшін Қызылорда облысы мен басқа да аймақтарда даярлау орталығын ашпақ.

- Келесі олимпиадаға қатысу жағын әлі ойланбадым. Бірақ жүрегім әлі талай жарыстарға қатысатынымды сезеді. Алдағы уақытта Қазақстанда ауыр атлетиканы дамыту үшін жұмыс жасаймын, - деді чемпион.
Илья Ильин Лондон-2012 олимпиадасында жеңіс сәтінде. 4 тамыз 2012.
Илья Ильин Лондон-2012 олимпиадасында жеңіс сәтінде. 4 тамыз 2012.

Осы олимпиадада ауыр атлетикадан жетінші орын алған Алмас Өтешов те Илья Ильинді құттықтап, осы жарыстан шабыт алғанын айтты.

Қазақстан спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев Қазақстан тарихында екі дүркін олимпиада чемпионы шықққанына мән берді.

- Жарыс алдында Ильямен байланыста болдық. Сол кезде ол «Қанша керек болса, сонша көтеремін. Қарсыластарыма еш мүмкіндік бермеймін» деді. Спортшымыз да сөзінде тұрды, - деді агенттік төрағасы.

Ауыр атлетика федерациясының басшысы Қайрат Тұрлыханов:

- Ильиннің әрбір мүмкіндігін орындау сәті - әлем үшін шоу. Ол - нағыз батыр әрі шоумен. Жарыс алаңы - ол үшін театр. Алмас Өтешов та жетінші орын алып, жақсы нәтиже көрсетті. Екеуін енді Рио де Жанейродағы олимпиада ойындары күтіп тұр, - деді.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ КӨРСЕТКІШІ

Академиялық есуден Светлана Германович 25-орын алды. Ал жеңіл атлетикадан 400 метрге жүгіруден Сергей Зайков - 39, жетісайыстан Ирина Карпова - 32, 100 метрге жүгіруден Ольга Блудова - 24, 20 шақырымға спорттық жүрістен Сергей Шейко 35-орынды қанағат тұтты.

Су добынан Қазақстан құрамасы Италиядан ұтылып (6:9), ширек финалға шығу мүмкіндігінен айырылды.

Нысана көздеуден Ольга Довгун 50 метрден үш жағдайда ату (тұрып, тізерлеп,
Боксшы Біржан Жақып. Алматы, 10 мамыр, 2012 жыл.
Боксшы Біржан Жақып. Алматы, 10 мамыр, 2012 жыл.
жатып ату) бағдарламасы бойынша 24-орын алды.

Бокстан 49 килограмм салмақ дәрежесінде Біржан Жақып филиппиндік Марк Барригуды ұтып (17:16), ширек финалға шықты. Келесі қарсыласы - қытайлық, Пекин олимпиадасының чемпионы Зоу Шимиң. Екеуі осыған дейін үш рет кездесу өткізіп, барлығында Шимиң жеңіске жеткен еді. 64 килограмда Данияр Елеусінов ирандық Мехди Толоутибандпиді жеңіп (19:10) ширек финалға шықты. Елеусінов енді италиялық Винченцо Мангикарпемен жұдырықтасады.

81 килограмда Әділбек Ниязымбетов эквадорлық Карлос Гангорды ұтып (13:5) ширек финалға өтті. Оның қарсыласы Эхсан Роузбахани (Иран).
XS
SM
MD
LG