Accessibility links

Балқан елдеріндегі салафизм


Косовода зайырлы мемлекеттік құрылымға қарсылық білдіру акциялары көбейіпке келеді. Приштинада өткен сондай шерулердің бірі. 2 қыркүйек 2011 жыл

Косовода зайырлы мемлекеттік құрылымға қарсылық білдіру акциялары көбейіпке келеді. Приштинада өткен сондай шерулердің бірі. 2 қыркүйек 2011 жыл

Jane's Intelligence Review 1999 жылғы соғыс кезінде сырттан келген мыңдаған джихадшы Батыс Балқан мен Косовода радикалдық діни көзқарасты орнықтырды деген қорытынды жасаған.

Jane's Intelligence Review («Джейнс Интелидженс Ривью») ұйымы шілденің 7-і күні Балкандағы салафизм проблемасы жайлы мақала басты.

Ұйымның зерттеуінше, Батыс Балқандағы қақтығыстың соңы радикализмге ұласқан. Бұл мәселе, әсіресе, Косовада ушығып тұр. Ұйымның сарапшылары Косовадағы құқық қорғау қызметкерлерімен және зайырлы қоғам өкілдерімен осы мәселені бірлесіп зерттеген.
Ораза айт кезінде мешітте құлшылық етіп отырған кішкене қыз. Приштина, 30 тамыз 2011 жыл

Ораза айт кезінде мешітте құлшылық етіп отырған кішкене қыз. Приштина, 30 тамыз 2011 жыл


Сарапшылардың пікірінше, радикалдық исламистік діни көзқарастың әлемге кең тарауы халықаралық қауымдастықты алаңдатып отыр. Балқандағы мұсылман жұрты ежелден шектен шықпайтын қалыпты Ислам бағытын ұстанады. Мұндағы дәстүрлі Ислам мектептерінде мұсылманның еркін ойлауына шектеу қойылмаған.

«ЛИБЕРАЛ ХАНАФИЛЕР ҚАРСЫЛЫҒЫ»

JIR-дің жазуынша, осы аймақтағы 1990 жылдардағы дүрбелең кезінде мыңдаған шетелдік радикал мұсылман Босния мен Герцеговинадағы «мұсылман бауырларына» көмектесу үшін, әрі Шығыс Еуропаға салафизм идеологиясын тарату үшін келген болатын. Батыс Балқандағы мұсылман жұртының басым бөлігі әлі де болса әсіредіншілдікті уағыздайтын салафизм өкілдеріне қарсылық танытып жатыр. Бұл қарсылық әрекеттер Косово, Босния мен Герцеговина, Албания және Македониядағы бірнеше ішкі қақтығыстарға әкеп соқтырды. Әсіредіншіл салафизм өкілдеріне сонымен қатар елдегі Исламның либералдық ханафи және сопылық мектебінің өкілдері табанды қарсылық көрсеткен.

Деректер бойынша таяудағы қақтығыс кезінде қарапайым тұрғындар мен бірнеше салафизм ағымының мүшелері қаза тапқан. JIR осы оқиғалар радикалдық исламизмнің Батыс Балқандағы тұрақтылыққа қауіп төндіргенін көрсетіп тұр деп санайды.

«ДЖИХАДШЫЛАР ҚАПТАҒАН ЖЫЛ»

Зерттеушілер салафизм идеясының Батыс Балқан аймағына таралу себебін Югославия тарап, Босния мен Герцеговинада қақтығыстар болып жатқан және 1992-1995 жылдары Югославияның бұрынғы алты республикасына БҰҰ эмбарго жариялаған кезден іздейді. Осы уақыт аралығында бұл аймаққа Сауд Арабиясы, Пәкістан, Йемен және Ауғанстан елдерінен Сербия мен Хорватия христиандарына қарсы соғысу үшін мыңдаған джихадшылар келген.

Шетелдік джихадшылар Босния мен Герцеговинаның зайырлы мұсылман халқына Исламның радикалдық доктриналарын үйреткен. Артынша бұл идеялар Батыс Балқандағы террористер арасына тез таралды.
Үкіметтің мектептерде орамал тағуға тыйым салуына наразылық таныту шарасына шыққандар. Приштина, 8 қазан 2010 жыл

Үкіметтің мектептерде орамал тағуға тыйым салуына наразылық таныту шарасына шыққандар. Приштина, 8 қазан 2010 жыл


Мамандардың пайымдауынша, Косово 2008 жылғы ақпанда Сербиядан тәуелсіздігін алған соң, сырт ағымдардың діни экспансиясына ұшыраған. Елдің соғыстан кейінгі қажыған жағдайын салафизм өкілдері өз мүдделеріне ұтымды пайдаланған. Негізінен алғанда Косовадағы этникалық албандардың басым көпшілігі қалыпты мұсылмандар саналады және олар бұрыннан батысқа бейім. Исламның либералдық бағытын ұстанатындар салафизм доктринасын қабылдаудан бас тартқан. Сондықтан радикалдық исламшылдар мен қалыптылардың арасында дінге байланысты дау-жанжал жиі туындап отырады.

JIR бұдан ары зерттеуінде салафизм мен ваххабизм тарихына тоқталып, салафизмді Исламның ең консервативтік ағымы деп бағалайды. Сауд Арабиясындағы салафизм өкілдері қаржылық қуатын пайдаланып, 1970 жылдан бері белсенді әрекетке көшкен. Олар әртүрлі қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырып, гуманитарлық ұйымдар құрып, өзге елдегі Ислам орталықтарын қаржыландырып, мешіт салып және жастарын оқыту арқылы діни көзқарастарын бүкіл әлемге жайып жатыр.

«ҚАРУ-ЖАРАҚҚА 350 МИЛЛИОН ДОЛЛАР»

Ұйым мамандары джихадшылар тарихына тоқталып, олардың негізінен Боснияны қаруландыру мақсатында келетінін айтады. 1995 жылы Ислам елдері мен ұйымдары Босниядағы соғысқа 350 миллион доллар қаржы құйған.

Косоводағы дін проблемасы 1999 жылғы Сербиямен арадағы соғыс аяқтала салысымен шиленісе бастаған. Салафизм өкілдері әртүрлі гуманитарлық жобаларды желеу етіп, Косовоға тамыр жайған. Косоводағы мемлекет басшылары мен қауіпсіздік саласының мамандарының пікірінше, олар он жылдың ішінде әлеуметтік құрылымдарға дендей еніп, елдегі мұсылмандар жамағатымен тығыз қарым-қатынас орнатып, этникалық албандарды өз идеяларына бұру арқылы халықтың ұлттық санасына айтарлықтай әсер еткен.

Жергілікті үкіметтік емес ұйымның басшысы елдегі діни ахуал жайында мамандарға: «Елдегі қақтығыстар әлеуметтік қатынастарды және жекелеген отбасылық өмірді бұзды. Оның үстіне қоғамдық институттардың болмауы мен діни қайырымдылық ұйымдардың қаптап кетуі Косоводарадикалдық Исламның тарауына ықпал етті. Соңғы 10 жылда Косовадағы албандар дау-жанжалға бейім боп кетті. Бұрынғы кезбен салыстырғанда «дінге бет бұрғандардың» саны күрт артып бара жатыр» деп баяндаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG