Accessibility links

Боксшы Ниязымбетов жартылай финалға шықты


Лондон олимпиадасындағы боксшылар сайысынан көрініс. Көрнекі сурет

Лондон олимпиадасындағы боксшылар сайысынан көрініс. Көрнекі сурет

8 тамыз күні сайысқа түскен үш қазақ боксшысының біреуі ғана - 81 килограмм салмақта жұдырықтасқан Әділбек Ниязымбетов жартылай финалға шықты. Ол ширек финалда ирандық қарсыласынан ұпай саны бойынша басым түсті.

Ал осы күні 49 және 64 килограмм салмақ дәрежесінде жарысқа шыққан Біржан Жақып пен Данияр Елеусінов ұпай айырмасы бойынша қытайлық және италиялық бәсекелестерінен жеңіліп қалды. Жақып та, Елеусінов те қарсыластарымен рингте үш раунд бойы тең дәрежеде күш сынасты. Жақып кейбір сәттерде қарсыласынан тіпті ширақтау көрінді.

Сонымен үш қазақстандық боксшы жартылай финалға шығып, кем дегенде қола медальге қол жеткізіп тұр. Олар Иван Дычко (91 кг жоғары), Серік Сәпиев (69 кг) және Әділбек Ниязымбетов (81 кг). 10 тамыз күні Дычко ұлыбританиялық, Сәпиев ресейлік, ал Ниязымбетов украиналық қарсыласымен бокстасады.
XS
SM
MD
LG