Accessibility links

Stratfor: Жаңаөзендегі кафе тегін жарылған жоқ


Жаңаөзен көшелерінің бірінде полиция тексеру жасап жатыр. 1 тамыз 2012 жыл

Жаңаөзен көшелерінің бірінде полиция тексеру жасап жатыр. 1 тамыз 2012 жыл

Тамыздың 8-і күні Жаңаөзендегі жарылыс жайлы мақала басқан Stratfor Commentary кафедегі оқиға кездейсоқ апат болған күннің өзінде де қаладағы шиеленісті жағдайды еріксіз еске салады дейді.

Басылым fergananews.com сайтына сілтеме жасап, «Жаңаөзен қаласындағы кафеде тамыздың 4-і жарылыс болып, үш адам жарақат алды» деп жазады. Ресми билік өкілдері бұл оқиғаны «кездейсоқ газ апаты» деп хабарлаған. Бірақ кафедегі апат 2011 жылғы желтоқсандағы Жаңаөзен ісіне орай апелляциялық шағымды қайта қараған сот отырысынан бір күн өткен соң болған.

Мақала авторы кафедегі жарылыс кездейсоқ болған күннің өзінде бұл оқиға Жаңаөзен қаласындағы шиеленісті жағдайды еске түсіреді деп санайды.

Бұдан бөлек, автордың мәліметі бойынша, «Аудандық ішкі істер бөлімінен 100-ақ метр қашықтықта орналасқан кафеде негізінен полиция қызметкерлері тамақтанады».

Басылым бұдан ары Жаңаөзендігі шиеленістің шығу себебі мен былтырғы желтоқсан айындағы қақтығысты тәптіштей сипаттап жазады.

Stratfor Commentary ресми деректерге сүйеніп, «оқиғадан соң 15 адам қаза тауып, 100-ге жуық мұнайшы жараланып, 70-ке тарта тұрғын тұтқындалды. Бұл аймақта бұрын-соңды мұндай оқиға ешқашан болмаған» деп жазады.

Автордың келтірген дерегі бойынша, үкімет толқуды тоқтату үшін әр түрлі шаралар қолданған. Аймақта төтенше жағдай жарияланып, облыс пен аудан басшылары қызметінен кетуге мәжбүр болды. Осы шаралардан соң, аймақтағы жағдай жақсарып кетпесе де, әзірге қақтығыс болған жоқ. Өндіріс орындары да үзіліссіз жұмыс жасап тұр.
Атаберген деп баласының туған және өлген жылын жазған палкат көтерген оның әкесі Хасен Дүйсекенов. Жаңаөзен қаласы, 16 шілде 2012 жыл.

Атаберген деп баласының туған және өлген жылын жазған палкат көтерген оның әкесі Хасен Дүйсекенов. Жаңаөзен қаласы, 16 шілде 2012 жыл.


«Соңғы айларда Қазақстанның бірнеше өндірісті өлкесінде жұмысшылар тағы да жоғары жалақы талап етіп, шеруге шықты. Бірақ бұл жолы үкімет олармен бейбіт келісімге келуге тырысты. Маңғыстау түбегі де қазір тыныш қалыпта» деп сипаттайды басылым.

Stratfor Commentary «Алайда, шілде айында Жаңаөзен қаласы желтоқсандағы оқиғаға орай тағы да толқи бастады. Шілденің 25-і күні Жаңаөзен ісінің апелляциялық сотының қарсаңында қауіпсіздік органдары қалаға сырттан 600-ге жуық полиция жасағын әкелген. Тамыз айының басында полиция желтоқсандағы толқуға қатысы бар деген деген айыппен тағы бірнеше адамды тұтқындады. Апелляциялық сот алдыңғы үкімді түгелге жуық өзгеріссіз қалдырды» деп Жаңаөзендегі елеулі оқиғалардың бәрін тізіп шыққан.

Мәселен, «Полиция жасағы мұнайшыларға тілектес тұрғандардың алаңға жиналып, қолдау көрсетуіне кедергі келтіру үшін орталық алаңды қоршап тастады. Оқыс оқиғадан сақтанған үкімет басшылары сот отырысы біткенше полиция жасағын таратпай ұстап тұрды» деп жазады басылым.

Мақала авторының жазуы бойынша, «Тамыздың төртіндегі апатқа дейін Жаңаөзен қаласындағы ахуал бірқалыпты болып келсе де, мұнайшылар мен билік өкілдерінің арасында пайда болған шиеленісті проблема шешілмей қалған сияқты». Мақала «Бірақ жергілікті билік өкілдері хабарлағандай, жарылыс расында да кездейсоқ апаттың салдары ма, әлде қаладағы шиеленіс салдарынан туған оқиға ма - ол жағы белгісіз қалып отыр» деп аяқталған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG